Елорда жаңалықтары

Ауылда жұмыс істеуге келгендерге тұрғын үй сатып алуға берілетін төлем ережесіне өзгеріс енді

ҰЭМ-нің 4 тамыздағы бұйрығымен денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарды, аудан және ауыл әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілерінің әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну қағидаларына өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Енді бюджеттік несиелер облыстардың жергілікті атқарушы органдарына мынадай шарттармен несиелік шарттар жасасу арқылы беріледі:

Денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға және ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу және тұру үшін келген ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілеріне тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін теңгемен 15 жылға дейінгі мерзімге жылдық 1% мөлшеріндегі сыйақылар ұсынылады.

Айта кетейік, бұрын бұл мөлшерлеме  0,01%-ды құраған.

Одан бөлек, мамандардан не олардың туыстарынан әлеуметтік қолдау шараларын алу үшін өтініш берілген күнге дейін соңғы екі жыл ішінде келген маман, жұмыс істейтін елді мекенге қатысты ауданда (облыстық маңызы бар қалада, аудандық маңызы бар қалада) тұрғын үйдің меншік құқығында болмауы тиіс.

Бұйрық 2025 жылдың 18 тамызынан қолданысқа енгізіледі.

Сара Қамзаева