Елорда жаңалықтары

«Қауіпсіздік белдігі, жаяу жүргіншіге жол беру»: «Сергек» камераларында қандай жаңашылдық бар

2017 жылы елордада «Сергек» қоғамдық және жол қауіпсіздігінің интеллектуалды жүйесі алғаш рет енгізілді.  Қазір бас қалада мұндай 13 мың камера  жұмыс істейді. Елордада «Сергек» камералары арқасында жол-көлік оқиғаларының саны қанша пайызға азайды? Жүйеде қандай жаңашылдық бар? Elordainfo.kz тілшісінің осы және өзге де сұрақтарына Sergek Group коммуникация департаментінің директоры Асель Кужахметова жауап берді.

Бүгінде «Сергек» интеллектуалды жүйесі қала көшелері мен жолдарында тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында құқық қорғау органдары үшін тиімді құралға айналды.  Бүгінде республикамыздың 9 қаласында, яғни Астана, Алматы, Семей, Тараз, Түркістан, Шымкент, Ақтау, Атырау мен Құлсары қалаларында орнатылған. Алдағы уақытта Қостанай қаласында да іске қосылмақ.

«Елімізде «Сергек» жүйесіне қарасты жалпы саны 70 мыңнан астам қоғамдық және жол қауіпсіздігі камералары бар. Оның 47 мыңы қоғамдық қауіпсіздік камерасы, қалғаны жол қауіпсіздігін бақылайды. Ал елордада 7 мың камера қоғамдық қауіпсіздікке қарайды. Оның ішінде 3 мыңы қала бойынша бір жүйеге біріктірілген. Қалған 6 мың камера жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде»,- дейді Асель Кужахметова.

«Сергек» қоғамдық және жол қауіпсіздігі жүйесі басты екі мақсатты көздейді. Компания өкілінің сөзінше, бұл жүйе адамдар мен көліктерді анықтауға септігін тигізеді.

«Сергек» ешқашан жай бейнебақылау камерасы болған емес. Жүйе басты екі басты мақсатты көздейді.  Біріншіден, қоғамдық орындарда, қаланың құқық бұзушылықтар жиі тіркелетін аудандарында, мектептердің жанында, тұрғын үйлердің аулаларында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар жолдардың қиылыстарындағы және сызықтық учаскелеріндегі бірнеше камералардан тұратын аппаратты-бағдарламалық кешендер жолдағы тәртіпті сақтауға негізделген. Жүйенің қауіпсіздікке байланысты басты мүмкіндіктерін ашып айтар болсақ, әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылықтарды анықтауға және алдын алуға мүмкіндік береді. Жол қозғалысы ережелерін бұзуды анықтайды. Қоғамдық қауіпсіздіктен бөлек балалар қауіпсіздігін қамтасыз ету мақсатында мектептер мен балабақшаларда Sergek VMS негізінде кешенді қауіпсіздік жүйесін іске қостық,- деп түсіндірді ол.

Астанада «Сергек»  жүйесі орнатылғаннан кейін жол-көлік оқиғаларының саны 40 пайызға төмендеген. Ал оның салдарынан болатын өлімнің саны 60 пайызға азайса, қоғамдық орындардағы қылмыс саны 40 пайызға төмендеген. Бұл көрсеткіштерді жауапты компания «Сергектің әсері» деп атайды.

Әңгімелесу барысында осыдан 7 жыл бұрын іске қосылған «Сергек» камераларындағы жаңашылдық туралы сөз қозғадық. Компания өкілінің сөзінше, бүгінде  жаңа мүмкіндікке ие камераларды сертификаттау жұмысы жүргізіліп жатыр.

«Біз қазір Sergek жүйесіне арналған жаңа камераларды сертификаттау процесінен өтудеміз. Жаңа камералар бейнені түсіруде жоғары дәлдікке ие. Бұл қауіпсіздік белдігі сынды нақтылықты қажет ететін ұсақ детальдарды анық көруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, аппараттық-бағдарламалық кешенді қосымша инфрақызыл стробоскоппен жабдықтаймыз. Ол түнгі уақытта қосымша жарықтандыру ретінде пайдаланылады. Бұдан бөлек, радарлық қондырғылар орнату жоспарланып отыр. Бұл көлік құралдарының жылдамдығын тіркеудің дәлдігін арттыратын болады»,- дейді Асель Кужахметова.

Қазіргі уақытта «Сергек» камералары жол қозғалысы ережелерін бұзудың 19 түрін анықтайды. Мысалы, бағдаршамның қызыл түсіне өту, жылдамдықты арттыру, қозғалыс жолақтары мен белгілерін бұзудың бірнеше түрі автоматты түрде тіркеледі.

Спикердің айтуынша, тіпті айыппұлды көлік иесі емес, нақты уақытта көлікті жүргізіп келе жатқан адам алуы керек деген жол ережелері бар.

«Құқық бұзушылықтар жауапкершілігі бірден көлік иесіне жүктелетін жағдайлармен қатар дәл сол уақытта көлікті жүргізіп келе жатқан адамға айыппұл салу деген ереже бар. Бірақ камера мұндай  құқық бұзушылықтарды автоматты түрде тіркемейді. Ал полиция қызметкерлерінде осындай жағдайлар орын алғанда камера жазбаларын құқық бұзушылықтың дәлелі ретінде пайдалануға мүмкіндіктері бар. Бір сөзбен айтқанда, «Сергек» жүйесінің мүмкіндіктері кең болғанымен қызметі заң шеңберінде жүргізіледі»,- дейді компания өкілі.

Жалпы айыппұл полиция қызметкерлерінің тексерісі арқылы салынады. Жүргізуші айыппұл себебімен келіспеген жағдайда полиция департаментіне немесе e-otinish электронды порталы арқылы арыз жазуға болады.

Асель Кужахметованың айтуынша, «Сергек» жүйесінде камералар қате орнатылатын жағдайлар кездеспейді.

«Қала бойынша орнатылатын камералар полиция департаментімен бекітілген адрестік карта негізінде орнатылады. Орнатылған әрбір кешен қосымша тексеруден өтеді. Сәйкесінше, Sergek жүйесінің камералары қате орнатылатын жағдайлар жоққа пара пар. Жол бойындағы, қиылыстардағы әрбір ақпараттық бағдарламалық кешендерді біздің калибрлеу мамандары нақты дәлділікпен орнатады. Sergek жүйесі жылдамдықты арттырудан басқа кез келген ережені бұзған жағдайда бейнежазба мен бірнеше фото суреттерден тұратын деректер картасын бірден мемлекеттің қарамағындағы процессинг орталығына жібереді. Әрі қарай полиция инспекторы түскен деректерді тексеріп, содан кейін ғана тәртіп бұзушыға айыппұл жіберіледі,- дейді ол.

Көп жүргізушілер «Сергектің» көздегені қауіпсіздік емес, айыппұл салу деп ойлайды. Бірақ компания өкілі жол ережесін ұстанудың түпкі мақсаты адам өмірінің қауіпсіздігі екенін айтады.

«Жұртшылықтың басым бөлігі жол жүру ережесін тек айыппұл үшін жасағандай көріп жатады. Бірақ оның түпкі әрі негізгі мақсаты адам өмірінің қауіпсіздігі. Ережені біліп, оны сақтап жүретін жүргізушінің айыппұл алу мүмкіндігі өте төмен, нәтижесінде өзі мен өзгенің өміріне де қауіп төндірмейтіні айқын. Күнделікті жолдың үстінде пендешілікпен бұл жайлы ұмытып кетіп жатамыз. Қауіпсіздік белдігін полиция қызметкерін көргенде ғана, ал жылдамдықты камераны көргенде ғана бәсеңдетудің аяғы қайғылы жағдайға алып келуі мүмкін екенін естеген шығармаған жөн»,- дейді Асель Кужахметова.

Бүгінде «Сергек» жаяу жүргінші жолағында жол бермейтіндер мен қауіпсіздік белгісін тақпайтындарды анықтайтын пилоттық жоба сынықтан өтіп жатыр.

«Біздің мамандар «Сергек» жүйесі бар барлық қалаларда жаяу жүргіншіні өткізбеу және қауіпсіздік белдігін тақпау фактілерін анықтайтын әзірлемені пилоттық режимде сынақтан өткізіп жатыр. Әзірге ешқандай айыппұл салынбайды. Қазіргі уақытта біз осы функцияны тестілеуді жалғастырып, сертификаттау кезеңінен өтудеміз. Сертификат алғаннан кейін, полиция қызметкерлері жаяу жүргінші жолағында жаяу жүргіншіні өткізбеу фактілерін Sergek жүйесі арқылы тіркеуді іске қосып, бұл жайлы ақпаратты ресми түрде хабарлайтын болады»,- дейді ол.

Өкінішке қарай, көлігінің нөмірін жасыруға тырысып немесе көлікке заңды тиесілі емес өзге нөмірмен жүретін жүргізушілер бар. Бұндай жағдайда «Сергек» компьютерлік көру құралдары арқылы мемлекеттік нөмірдің түрі мен қай елдікі екенін ажыратады. Сондай-ақ, компьютерлік көру құралдары мемлекеттік тіркеу нөмірі жоқ және жалған нөмірмен жүрген көліктерді анықтай алады.

«Sergek жүйесі арқылы тіркелген жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін кесілетін айыппұлдың барлығы мемлекет бюджетіне түседі. «Бюджет кодексінің» 50 және 51-бабына сәйкес, мемлекеттік мекеме салатын айыппұл, өсімпұл, санкция, өндіріп алатын қаржы бюджетке түседі. Сәйкесінше, белгілі бір қалада тіркелген айыппұлдар толығымен сол қаланың бюджетіне түседі. Бұл ақпарат негізінен әрбір тәртіп бұзушыға мәлім, себебі айыппұл төлеген сәтте түбіртекте айыппұл сомасы түсетін органның реквизиттері көрсетіледі»,- деп түсіндірді компания өкілі.

«Сергек» бақылау жүйесінің камералары елорданың қатты бораны мен аязына қарамай тәулік бойы жұмыс істейді. Осылайша «Сергек» жүргізушілердің тәртіпке бағынауына ықпал етіп келеді. Бейнебақылау жүйесінің ең басты міндеті айыппұл салу емес, жалпы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету екенін ұмытпаған жөн.