Елорда жаңалықтары

Атырауда «Сарайшық – бабалар мұрасы» ауқымды іс-шарасы өтті

Талай игі іске ұйытқы боп жүрген «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» ҚБ Астана қалалық филиалының қоржыны қазақ халқының тарихи және мәдени мұрасын насихаттауға бағытталған тағы бір тың шарамен толықты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Бұл жолы Атырау облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының қолдауымен көне Сарайшықтың есімін ардақтап, құндылығын ұлықтау мүмкіндігі туды. Жобаға «Сарайшық бабалар мұрасы» деген айдар тағылып, бейнелеу өнері мен графиканың қыр-сырлары, кескіндеме композицияларын жасау бойынша тәжірибелер таратылды. Тыңнан түрен салған семинарлар мен шеберлік сағаттарынан, пікір алмасу алаңынан, симпозиумнан тұратын бағалы бастаманы  жобалар жұмысын жасауда тәжірибесі мол «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» ҚБ Астана қалалық филиалы мен өңірде ұлт мүддесі жолында қызмет етіп жүрген  «Urpaq» қол өнер академиясы мен Х.Досмұхамедов атындағы  Атырау университеті бірлесе сәтті атқарып, жоба имиджін арттыруды басты назарда ұстады.

Семинарға Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» РМҚК, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің жетекші мамандары қатысып, шеберлік сағаттар мен семинарлардың басы-қасында бірге жүрді.

Алдымен шеберлік сағаттарында жоба қатысушылары үш күн бойы түрлі өнер туындыларына қанығып, қызыға қарап, тіпті, өздері де алғашқы тәй басқан қадамдарын жасап үлгерді. Қатысушыларға кескіндеме және графика өнерінің түрлі техникасымен танысу мүмкіндігі ұсынылды. Бұл шара қазақ мәдениетін қазіргі заман талабына сай өнер арқылы таныстырып қана қоймай, ұлттық рухани құндылықтарды сақтап, жас ұрпақтың бойында мақтаныш сезімін оятуды көздеді. Өнер арқылы тарихқа үңілу, өткен мен бүгіннің байланысын түсіну, бірегейлігімізді сезіну – осы бастаманың негізгі жетістігі деуге болады.

Шеберлік сағаттары мен семинар барысында қатысушылар өздерінің шығармашылық қабілеттерін дамытып, кәсіби өнер иелерімен бірге жұмыс істеді. Ал, түрлі өнер майталмандары бойдағы биік талантымен, өрелі өнерімен бөлісіп қана қоймай, түрлі тақырыпты арқау ете отырып, қатысушыларды өз өнерлерінің құпия-сырына, тереңіне бірге жетелей білді.

Атап айтқанда, Смағұлов Сембіғали «Бейнелеу өнеріндегі бой алған кескіндемедегі композиция құру мәселелері», Нарбек Мұстафа «Ұлттық киімдегі қыз бейнесін кескіндеу», Бекжан Жұмабаев «Алтын қайық» графикалық компазициясын құру, «Көне Сарайшық қаласының композициясы», «Еркін авторлық графика» тақырыптарындағы шеберлік сыныптарын өткізді.

Әсіресе, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының  лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор, «Астана қаласының кәсіпқой суретшілер одағы» ҚҚ Президенті, ҚР Мәдениет және ақпарат Министрлігі жанындағы Мемлекеттік комиссия мүшесі Сембіғали Смағұловтың тың туындылары көпшлік сұранысын тудырып, қатысушылардың өнерге деген құлшынысын одан әрі оятқаны сөзсіз.

Сембіғали Абзалбекұлы – монументалист, суретші-кескіндемеші, мүсінші. Вена, Лондон, Германияның 6 қаласы, Мәскеу, Алматы, Атырау, Астан, Кипр қалаларында жеке көрмесін өткізген талант иесі «Қазақ елі» монументінің, Салтанат Сарайындағы «Түріктердің көк әлемі» плафоны, «Думан» республикалық орталығындағы «Құс жолы» туындысының «Астана Опера» театрының рельеф порткасының, Астана қаласындағы жазушылар аллеясындағы «Үш Арыс» мүсіндік композициясының, Түркістан қаласындағы «Ұлы дала» мәдениет орталығындағы «Түрік Әлемі» монументалды туындысының  авторы екенін бірі білсе, бірі білмес бәлкім. Жиылғандар дәл осындай өнерге өлшеусіз үлесі бар тұлғамен бір күн емес, үш күн бойы жүздестіруге мұрындық боп, ықпал еткен халықаралық қазақ тілі қоғамының Астана қалалық филиалына дән ризашылықтарын жеткізіп, алғыстарын жаудырды.

Семинардың «Сарайшық – балалар аманаты» деп аталуының өзі кездейсоқ емес. Ата-бабамыздан қалған рухани және мәдени мұраны сақтау – әр қазақтың міндеті. Бұл семинар сол мұраны насихаттау, оны жас ұрпаққа аманаттау мақсатында ұйымдастырылды. Осы тұста, негізгі ұйымдастырушы «Халықаралық қазақ тілі қоғамы» Астана қалалық филиалының қоғамдағы қызметі, мәдени мұра мен ана тілімізді жаңғырту жолындағы еңбегі ұшан теңіз екендігін айта кеткен лазым. Осындай игі шаралар арқылы олар жас буынның жүрегінде өнерге, мәдениетке деген сүйіспеншілікті оятып, еліміздің рухани байлығын жаңғыртуға айрықша үлес қосуда.

Шеберлік сыныптарынан соң жоба индикаторларына сәйкес «Сарайшық» музейінде пленарлық жиын, сондай-ақ, екі күндік сипозиум-көрме өтті.

Симпозиумның басты мақсаты – сурет, мүсін және бейнелеу өнері арқылы ортағасырлық Сарайшық қаласының маңызын насихаттау. Жиынға 300-ге жуық ҮЕҰ мүшесі, мемлекеттік мекемелердің өкілі, суретшілер, оқытушылар мен студенттер қатысты. Олар Сарайшықтың ғылыми негізде зерттелуі мен жастарға дәріптелуі бағытында баяндама жасап, идеяларын ортаға салды.

Сурет көрмесінде 50-ге жуық суретші қатысып, бақ сынасты. Шындығында, әр суретте бір сыр бар. Талантты өнер иелері Сарайшықты өз ракурстарымен, таным көкжиектерімен, өз сезімдерімен бейнелеп, сырлы суретке айналдырған. Жоба аясында ұсынылған тақырып бір болғанымен, бір-бірін мүлде қайталамайтын 50 түрлі  туынды тың туынды дүниеге келді. Ал, оқ бойы озық шыққан үздік жұмыс  авторлары үш аталым бойынша марапатталды. Олардың қатарында колледж және университет студенттері, ауыл, қала мектептерінің мұғалімдері, зейнеткер суретшілер мен Атырау университетінің оқытушы-профессорлары да бар.

Аталған филиал қазақ тілін, ұлттық мәдениетті және рухани құндылықтарды дәріптеуді мақсат тұтқан беделді ұйымдардың бірі. Басты мақсаттары – қазақ тілінің мәртебесін арттыру, оны кеңінен насихаттау және мемлекеттік тілдің қоғам өміріндегі маңызын түсіндіру.
Осы салмағы атан түйеге жүк боларлық ауыр миссияны күнделікті абыроймен арқалай отырып, елдегі тіл руханиятын дамытуға зор үлес қосуды көздеген ұйымның Лариса Алдабергенқызы бастаған мүшелеріне кезекті шара қатысушылары да шынайы алғыстарын білдірді.

 

Орынгүл МАХМУД,

Қазақстан журналистер Одағының мүшесі