Астананың Байқоңыр ауданында 150-ден астам ағаш отырғызылды
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында елорданың Байқоңыр ауданында 150-ден астам ағаш отырғызылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Іс-шараға Байқоңыр ауданының әкімі Талғат Рахманберді, Үндістанның Қазақстандағы елшісі Я.К. Сайлас Тангал, сондай-ақ әкімдік, Елшілік, Свами Вивекананда мәдени орталығының өкілдері қатысты.
Сенбілікте олар «Ақбұлақ» өзенінің бойына қарағаш, шырша секілді 150-ден астам көшет отырғызды.
«Бүгін Астанада ағаш отырғызу іс-шарасына қатысқаныма өте қуаныштымын. Шынымды айтсам, елордада мұндай шараға бірінші рет қатысып тұрмын. Бірақ бұл менің алғашқы тәжірибем емес. Басқа елдерде де көшеттер отырғызумен айналысқанмын. Қазір біз тұрақты дамуға, экологияны жақсартуға ұмтылып жатырмыз. Осы тұрғыда ағаш отырғызудың маңызы өте зор. Біздің Премьер-министріміз Нарендра Моди мырзаның мынандай саясаты бар: Үндістанда әрбір адам бір ағаш отырғызып, оны анасына құрмет ретінде есімімен атауы керек. Сондай-ақ ертең біз «Viksit Bharat Run 2025» деп аталатын іс-шараны өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл – жүгіру марафоны. Соның аясында да көшеттер отырғызуды жоспарлап отырмыз», - деді Сайлас Тангал.