Астананың азаматтық қорғау жүйесі қысқы кезеңге дайын – ТЖД
Астанада қысқы кезеңдегі төтенше жағдайларға шұғыл ден қою қызметтерінің Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары өтті. Арнайы қызмет өкілдері де шеберліктерін көрсетті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Оқу-жаттығу аясында республикалық штабтың кіріспе және шешімдерін пысықтау үшін қаланың азаматтық қорғау қызметтерінің қатысуымен қалалық жедел штаб жұмысын бастады.
Тактикалық жоспарға сәйкес, Астананың азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің қалалық кіші жүйесінің күштері мен құралдары жерасты жылу трассасының учаскесінде ыстық судың ағуы орын алған авариялық-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді, сондай-ақ жерасты сымдарының тұтануы орын алған электр қосалқы станциясындағы аварияларды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді, өрт сөндірушілер осы өртті жою бойынша жұмыс істеді.
Одан кейін «Астана-Көкшетау» жолаушылар рейстік автобусында авариялық-құтқару жұмыстары жүргізілді. Медицина мамандары үсік шалған жолаушыларға алғашқы медициналық көмек көрсетті. Одан соң құтқарушылар көмек іздеуге шығып, қар құрсауында адасып кеткен жүргізуші мен жолаушылардың бірін табу үшін іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізуге көмекке асықты. Жоғалған азаматтарды іздеу үшін жедел-құтқару жасағының кинологиялық есебі тартылды.
«Барлық практикалық іс-шаралар РКШОЖ өткізу жоспарына сәйкес пысықталды. Бұл оқу-жаттығулар нақты төтенше жағдай кезінде қызметтің өз іс-әрекеттерін қалай пысықтайтынын көрсетті. Жаттығулар нақты жағдайда өтті. Қорытындылай келе, Астана қаласы бойынша азаматтық қорғау жүйесі қысқы кезеңге және қойылған міндеттерді орындауға дайын деп айтуға болады», – деп атап өтті Астана қаласы ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Еркін Қашқанов.