Елорда жаңалықтары

Астананың Алматы ауданында «Астана – есірткісіз қала» ұранымен «Көңілді старт» сайысы өтті

Елордадағы Әл-Фараби атындағы оқушылар сарайында өткен жарысқа колледж студенттері қатысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Шараның басты мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау және жастарды зиянды әдеттерден аулақ болуға шақыру. Шынымен де қазіргі уақытта есірткі мәселесі қоғамда өршіп тұр. 2025 жылдың басынан бері мегаполисімізде 797 есірткіге қарсы қылмыстық іс тіркеліп, 600-дей есірткі жарнамасына қатысты сайттар бұғатталған.



Осы орайда Алматы ауданы әкімдігі мен Астана қаласының прокуратурасы бірлесіп, 5 кезеңнен тұратын «Көңілді старт» сайысын өткізуді жөн көрді.

«Қыркүйек айынан бастап есірткіге қарсы күрес жоспары аясында осындай шара ұйымдастырылып жатыр. «Көңілді старттан» бөлек, өзге де спорт түрлерін қамтитын боламыз. Алдағы уақытта қаламыздың басқа да аудандарында осы іс-шара жалғасады. Себебі, есірткіге қарсы күрес жүйелі, тоқтаусыз түрде өтуі тиіс. Бүгінгі жарыс арқылы әртүрлі колледжден келген қатысушылар жарыс атмосферасын сезініп қана қоймай, жаңа достар табуына септігін тигізбек», - деді Алматы ауданы прокуратурасы басшысының орынбасары Жолдас Асқаров.

Қазір Астана қаласында жыл басынан бері 891 адам есірткі бойынша арнайы тізімде тұр. Бұл көрсеткіш 2024 жылғыдан сәл төмен болғанымен, ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтпақшы, есірткіге тәуелді азаматтар өз мәселесін ешкімге айтпауды жөн көреді. Олардың арасында өмір жолын енді бастап келе жатқан жастардың да бар екендігі белгілі.

«Бүгінгі эстафетамызға Алматы ауданындағы 20-ға жуық колледж студенттерінен жасақталған «Сана», «Тұлпар», «Феникс» командалары қатысты. Олар таяқшамен жүгіру, баскетбол добын бір-біріне жылдам беру, секіртпемен жүгіру, әріптерді дұрыс құрастыру, командамен жүгіру сайыстарын өзара мықтыны анықтады. Енді қыркүйек айында тағы да 3-4 ауданымызда спорттық жарысты ұйымдастыру ойымызда бар», - деп Астана қаласы әкімдігінің Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясының өкілі Шалқар Қайыржан өз пікірін айтты.

Шара соңында барша қатысушылар медаль және мақтау қағаздарымен марапатталды.