Елорда жаңалықтары

Астаналық жастар тұрғындарды экологиялық акцияға қатысуға шақырды

Қазақ ұлттық өнер университетінің студенттері «Таза Қазақстан. Астана - тазалық пен тәртіптің үлгісі» экологиялық іс-шарасы аясында ерекше акция бастады, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Видеороликте студенттер Ерке Есмаханның әнін шырқап, қаланың тазалығына ерекше таңданыспен тұрғындарды ауқымды экологиялық акцияға қатысуға шақырды.

«Елордада экологиялық акция белсенді өтіп жатыр. Біз, қала жастары, бұл істе де шет қалмай, өз үлесімізді қосып келеміз. Бүгінгі видеороликпен қаламыздың қаншалықты таза екенін көрсеткіміз келді. Менің ойымша, қоршаған ортаның тазалығына жастар ретінде үлгі көрсетуіміз керек. Қала тұрғындарын тазалықты сақтауға шақырамыз», - дейді акцияға қатысушы Батыр Дәуірбеков.

Естеріңізге сала кетейік, ауқымды эко-акция аясында қаланы санитарлық тазарту, нөсер және арық кәріз желілері, көшелерді, тротуарларды, кварталішілік аумақтарды, қоғамдық кеңістіктер мен аулаларды тазалау жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ, жасыл желектерді күтіп-баптау және отырғызу, сауда нысандарына іргелес аумақтарды жинау, көгалдар мен гүлзарларды тазарту, сондай-ақ рұқсат етілмеген полигондарды жою бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Сонымен қатар, 21 қыркүйекте елордада қала тұрғындарының қатысуымен ауқымды экосенбілік өткізіледі.