Елорда жаңалықтары

Астаналық жастар ерекше челлендж ұйымдастырды

Астанада көпқабатты тұрғын үйлер мен ғимараттардың балкондарына «Менің елім – менің туым!» челленджі аясында 1 мың мемлекеттік ту ілінді, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Республика күнін мерекелеу қарсаңында елорда жастары «Менің елім – менің туым!» челленджін қолдады. Мереке қарсаңында жастар осындай ерекше акция ұйымдастырып, үйлердің балкондарына мыңға жуық ту ілінді.

Патриоттық акция жыл сайын өткізіледі. Бұл тек безендірілген үйлердің тұрғындарын ғана емес, сонымен қатар елорда көшелерінде жүрген жолаушыларды да ерекше әсерге бөлейді. Астаналықтар жылы қабыл алып, акцияға қосылды.

«Жұмысқа бара жатқанымда Республика даңғылындағы үйлер мемлекеттік тумен безендірілгенін көрдім. Мұндай жайт ерекше көңіл-күй сыйлайды. Меніңше, жұрттың ойын күнделікті күйбең тірліктен бөліп, бәріміз бір «үйде» өмір сүретінімізді еске салу пайдалы», - деп бөлісті Астана тұрғыны.

Айта кетейік, қаланың орталық көшелерінде (Тәуелсіздік, Б.Момышұлы, Қабанбай батыр, Тұран, Республика, Қошқарбаев даңғылдарында, Нәжімеденов, Сарайшық, Сығанақ, Достық және т.б. көшелер), жол бойында ҚР тулары желбіреп тұр.