Елорда жаңалықтары

Астаналық жас сарбаздар әскери фильм тамашалады

«Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы тәрбиеленушілеріне Қарулы күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығында «НВП ағай» комедия жанрындағы фильмі көрсетілді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Аталмыш фильм әскери тәртіп пен мектептің өмірін ұштастырады. Фильм көруге жеңіл әрі әзілге құрылған. Алайда мазмұны терең, көрерменді патриоттық сезімге тәрбиелейді.

Отбасы күніне орайластырылған іс-шараны қалалық Жастар саясаты мәселелері басқармасы мен Ұлттық әскери-патриоттық орталығы бірлесіп ұйымдастырды.

Оның мақсаты – әскери өмірге қызықтыру, отбасылық құндылықтарды дәріптеу.

«Жас сарбаз – патриоттар ордасы» жобасы аясында әскери фильмдерді көрсетумен қоса, жастарды әскери бөлімдерге апарамыз. Олар әскери өмірдің қыр-сырымен танысады. Республикалық дала әскери жиындарын өткіземіз. Мұнда үздік танылған балалар кейін халықаралық дала жиындарына барады. Сондай-ақ Ауған соғысы ардагерлерімен кездесулер өткізіледі.

Балаларды спортқа баулу мақсатында іс-шаралар ұйымдастырылады. Мәселен, ұлдар арасында футбол, қыздар арасында волейболдан турнир болады», - деді «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы қалалық филиалының төрағасы Асхат Налшыбек.

Ал іс-шараны ұйымдастырушылар тарихи фильмдер жас жауынгерлердің рухын көтеріп, отансүйгіштікке баулитындығына сенім білдірді.

Фильмді 300-ге жуық жас сарбаз оқушы тамашалады. Олар – 14 пен 17 жас аралығындағы мектеп оқушылары мен колледж студенттері.

Фильм аяқталған соң оларға Ұлттық әскери-патриоттық орталығында қазақ және орыс тілінде экскурсия өткізілді.

Айта кетейік, әскери-патриоттық бағытта фильм ертең де көрсетіледі.