Астаналық жас отбасы қалай баспаналы болғанын айтып берді
Астанада «Елорда Жастары» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы бойынша жас отбасылар баспаналы болып жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Солардың бірі – Жанасыл Талғатұлы. 2019 жылы отбасын құрған ол жұмыс істейтін жастарға арналған жалдамалы тұрғын үй бағдарламасына қатысып, жекешелендіруге құқығы жоқ пәтер кілтін алған.
«Желтоқсан айында салтанатты түрде кілт тапсырылып, жаңа үйімізге қоныстандық. Берілген үйіміз – бір бөлмелі, жалпы ауданы – 41 шаршы метр. Шынымды айтсам, тізімнен өз есімімді көргенде қатты қуандым, оны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес», - деді елордалық тұрғын.
Ол бұл бағдарламаның әсіресе жас отбасыларға пайдасы мол екенін айтады.
«Бағдарламада пәтерді жалдау құны айына 5 мың теңгеден 15 мың теңге аралығында болады. Ал коммуналдық қызметке шамамен 10 мың теңгедей төледім. Жастарға берілген жақсы көмек. Соның көмегімен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі шотыма ақша салып тұруға мүмкіндік болды», - деді ол.
Осылайша жас отбасы 5 жыл ішінде өзінің жаңа пәтеріне қаражат жинап, жақында елордадан үй сатып алды.
«2021 жылы екінші сәбиіміз дүниеге келді. Мен су шаруашылығы саласында жұмыс істеймін. Жақында «Елорда Жастары» бағдарламасы бойынша 1 бөлмелі комфорт класс санатынан пәтерімізді сатып алдық. Оның шарттары – өте тиімді. 5 пайызбен 13 жылға несие рәсімдедім. Айына шамамен 140 мың теңгедей төлеймін. Былай қарасаңыз, Астанада жалдап тұратын пәтердің бағасымен бірдей», - деді бағдарламаға қатысушы.
Еске сала кетейік, 1-6 ақпан аралығында астаналық жастар «Елорда Жастары» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасына қатысты. Бағдарлама «Отбасы банк» АҚ арқылы елордада бастапқы қайталама нарықта өз пәтеріңізді сатып алуға мүмкіндік береді.
Бағдарламаның шарттары: 1) қарыздың ең жоғары сомасы – 18 млн теңге; 2) бастапқы жарна –10 пайыз; 3) қарыз бойынша мөлшерлеме – жылдық 5 пайыз, несиелеу мерзімі 25 жылға дейін.