Елорда жаңалықтары

Астаналық зейнеткерлер бос уақытын қалай өткізіп жүр

Елордада құрметті еңбек демалысына шыққан зейнеткерлер «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына барып,  йогамен, скандинавиялық серуендеумен, «цигун» тыныс алу гимнастикасымен, бимен, үстел теннисімен айналысып, күнделікті уақытын пайдалы өткізеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

(Фото: Оңалхан Өнерхан)

Зейнеткерлердің басын біріктіретін бірегей орталықта жаттығу терапиясы, йога, «цигун» тыныс алу гимнастикасы, би, скандинавиялық жүріс, арт-терапия, еңбек терапия, ағылшын тілі, қазақ тілі, компьютерлік курстар, шахмат, тоғыз құмалақ, вокал үйірмелері жұмыс істейді.

(Фото: Оңалхан Өнерхан)

Мұнда келушілердің бірі – 84 жастағы Шолпан Сыздықова. Зейнеткер орталыққа келгелі өзіне уақыт тауып, денсаулығын күтіп жүргенін айтты. 

«Орталыққа соңғы екі жылдан бері тұрақты түрде келемін. Бұрын тізем, белім ауыратын. Осында келгелі ұйқым тынышталды, қан қысымы реттелді. Алғашында жаттығу терапиясы мен тоғызқұмлаққа барып жүрдім. Алайда бұл бір орында қозғалмай жасайтын іс болғандықтан үйірмелерді ауыстырдым. Қазіргі кезде аптасына 3 күн келіп тұрамын», - деді Шолпан Сыздықова.

Осы орталықта түрлі іс-шараға қатысып, замандастарымен бірге уақытын тиімді әрі пайдалы өткізетіндердің бірі – астаналық Әсемгүл Абатова.

(Фото: Оңалхан Өнерхан)

«Мен «Айкүне» гимнастикасына, ағылшын тілі курсына және тоғызқұмалақ үйірмесіне барамын. Маған өте ұнайды. Бұл денсаулықты жақсартуға, ой-өрісімізді дамытуға – өте пайдалы. Орталықтың көпке тигізер пайдасы мол. Себебі мұнда келушілердің бір тобы сурет салса, енді біреулері би билейді. Бастысы әркім өзіне ұнаған іспен айналысып, көңілді жүреді. Шетелге шыққанда базалық деңгейде өзгелермен сөйлесу үшін міндетті түрде ағылшын тілін білгеніміз дұрыс қой. Сондықтан мен ағылшын тілі бойынша курсқа барып жүрмін. Сабақтар өте қызықты өтеді, оқытушымыз жаңа ақпаратты қарапайым тілде түсіндіреді. Мұнда біз бір-бірімізбен сөйлесуді үйреніп жатырмыз. Орталық қызметкерлері кез келген іс-шараны жоғары деңгейде өткізеді», - деп пікірмен бөлісті орталыққа келуші.

(Фото: Оңалхан Өнерхан)

Бүгінгі таңда Астанада 13 мыңнан астам зейнеткер осындай орталықтарға барып, қызмет алады.  

(Фото: Астана қаласы әкімдігі Белсенді ұзақ өмір сүру орталығынан)

«Астана қаласы әкімдігінің «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» 2022 жылдың 1 қаңтарында ашылды. Еңбек демаласына шыққан зейнеткерлерге қызмет көрсету үшін қаланың 5 ауданында филиалдар жұмыс істейді. Орталықтың барлық қызметі – тегін.  Сондай-ақ мұнда келушілермен әлеуметтік қызметкер, психолог мамандар жұмыс істейді. Орталықта мәдени-бұқаралық іс-шаралар, концерттер, театрларға бару, елорданың тарихи орындарына экскурсиялар өткізіледі», - деді Астана қаласы  әкімдігінің «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» үйлестіру және мониторинг бөлімінің басшысы Роза Маусымбаева.

Астанадағы 5 ауданда орталықтың 5 филиалы бар. Олар Алматы ауданы бойынша Р.Қошқарбаев көшесі 29/1-үйде, Байқоңыр ауданы бойынша Абай көшесі 46-үйде, Есіл ауданы бойынша Достық кешесі 13-үйде, Сарыарқа ауданы бойынша Бейбітшілік көшесі 25-үйде және Нұра ауданы бойынша Төле би көшесі 44-үйде орналасқан.

(Фото: Астана қаласы әкімдігі Белсенді ұзақ өмір сүру орталығынан)

«Орталықтың шебер әжелері 8-13 қыркүйек аралығында өткен 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында  Этноауылдағы көрмеге өз қолдарымен жасаған қолөнер бұйымдарын қойған.  Атап айтқанда көрмеде шебер әжелер кимешектер, орамалдар мен шапандар, тақиялар, кілемшелер, көрпешелер, сөмкелер,  алқалар,  қуыршақтар, асық, торсық, тұмар сияқты кәдесыйлар мен т.б. ұлттық бұйым түрлерін ұсынды. Қолдан жасаған заттарын сатып, 500 мың теңге табыс тапты», - деді Роза Махметқызы.

Қаладағы орталықтар дүйсенбі мен жұма күндері аралығында сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін жұмыс істейді.

(Фото: Оңалхан Өнерхан)

«Мұнда елордалық зейнеткерлер белсенді өмір салтын ұстанумен қатар бос уақыттарын тиімді өткізе алады. Сондықтан келіңіздер, тегін үйірмелерге жазылыңыздар», - деді Роза Маусымбаева.