Астаналықтар енді жедел жәрдем бағытын Yandex навигатор арқылы бақылай алады
Астанада енді «103»-ке қоңырау шалып, жедел жәрдем шақырсаңыз, мекенжайға жіберілген бригаданың бағытын Яндекс Карты арқылы бақылай аласыз. Бұл туралы Yandex Kazakhstan компаниясының GR директоры, Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Мейірбек Мұқатов елордада өткен ХІІ Азаматтық форумда мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Елордалық жедел жәрдем қозғалысын картадан бақылау функциясы Яндекс Карты API мен JavaScript API шешімінің көмегімен жүзеге иасырылған.
Оның айтуынша, бұл пилоттық жоба Yandex компаниясы жұмыс жүргізетін мемлекеттер ішінде тұңғыш рет Қазақстанда, соның ішінде Астанада енгізіліп отыр.
«Бұл пилоттық жоба Yandex географиясы бойынша ең бірінші болып Астанада жүзеге асырылды. Биылғы сәуір айында іске қосылды. Тіпті әлі Мәскеу қаласында да жоқ. Астанадан бөлек, Ақтөбе, Қостанай қалаларында да іске қосылып жатыр. Басқа қалаларға енгізу әлі де талқылануда. Өйткені бұған технологиялық деңгейде дайындық керек», - деді Мейірбек Мұқатов Elordainfo.kz тілшісіне.
Сарапшының сөзінше, жедел жәрдем көмегіне жүгінген «103»-ке қоңырау шалушының телефон нөміріне SMS түрінде сілтеме жіберіледі. Сол сілтеме арқылы картадан жәдел жәрдемнің бағытын бақылап отыруға болады.
Фото: Мейірбек Мұқатовтың презентациясынан