Елорда жаңалықтары

Астаналық студенттерге тегін құқықтық кеңестер берілді

Бүгін  «Тұран-Астана» университетінде «Тәртіпті өзіңнен баста!» тақырыбында кеңес беру іс-шарасы өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Оған Парламент Мәжілісінің депутаттары  Мұрат Әбенов, Жарқынбек Амантайұлы, Республикалық әкелер одағы Астана қаласы филиалы төрағасының орынбасары Марат Көшкінбаев, экономика саласындағы халықаралық сарапшы Ерғали Мұқанұлы,  ҚР Оқу-ағарту министрлігі «Өркен» балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институтының бас ғылыми қызметкері, философия докторы Арыстан Сатанов, Астана қаласы Ішкі саясат басқармасы үкіметтік емес сектормен жұмыс жасау бөлімінің басшысы Айдана Қамзаева,  «Ұлттық құндылықтар академиясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әділхан Дүйсебек, сондай-ақ университет студенттері қатысты.

«Басты мақсат –  билік пен қоғамның белсенді азаматтарын біріктіру,  жастар арасындағы мәселелер бойынша ой бөлісу. Жақында өткен осындай бір кездесуде студенттер  онлайн-несие, алаяқтық, нашақорлық тақырыптарын көтерді. Кейін біз бұларды жан-жақты зерттеп, шешу жолдарын қарастырамыз. Оны қала әкімдігі деңгейінде, Парламент қабырғасында көтереміз.  Бүгінгі іс-шара тақырыбы «Тәртіпті өзіңнен баста!» деп аталады. Әр адам тәртіпті өзінен бастауы керек», - деді Мұрат Әбенов.

Аталмыш іс-шараны «Азаматтық сектор мен жергілікті атқарушы органдар арасында сенімді диалогты қалыптастыру» жобасы аясында Астана қаласы әкімдігі мен  «Серпін» әлеуметтік даму ұлттық қоры ұйымдастырып отыр.

Диалогтық алаңда заң мен тәртіпті қоғамдық ортада дәріптеу, жастардың құқықтық сауаттылығын, жауапкершілігі мен азаматтық белсенділігін арттыру, зиянды әрекеттер мен зорлық-зомбылықтың алдын алу жолдары талқыланды.

Сондай-ақ отырыс барысында сала мамандары «Жастардың әлеуметтік мәселелері және оларды шешудің құқықтық-нормативтік негіздері» тақырыбында студенттерге кәсіби құқықтық кеңестерін берді.