Елорда жаңалықтары

Астаналық ұстаздар арасында жаңа форматта байқау өтіп жатыр

Бүгін елордада ұстаздар арасында  «Ой-сандық: оқу және математикалық сауаттылық – табысты синергия» байқауы өтіп жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Білім сайысын Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығы» мен «Зерделі» ақыл-ой дамыту мектебі бірлесіп ұйымдастырды. Қаладағы №93 мектеп-лицейінде өтіп жатқан сайысқа 100-ден астам  қазақ тілі мен әдебиеті және математика пәні мұғалімдері қатысып отыр.

Оның ресми ашылу рәсіміне Астана қаласы білім басқармасы Жалпы орта білім берудің мазмұны мен әдістеме бөлімінің басшысы Асыл Амангелдиева, Астана қаласы әкімдігінің  «Әдістемелік орталығы» басшысы  Сындар Дәуешова, «Зерделі» ақыл-ой дамыту орталықтары мен мектептер желісінің директоры Ырысбек Мәуіт қатысты.

«Мақсатымыз – білім сапасын көтеру, саналы, білімді  ұрпақ тәрбиелеу. Сондықтан бүгінгі өткізіліп жатқан сайыстың мәні терең. Білімді шәкірт тәрбиелеу жолында салмақ ұстаздарға түседі. Еліміздің өркендеуіне үлкен үлес қосатын азаматтарды тәрбиелеу – сіздердің міндеттеріңіз. Республикалық кезеңге  ең мықты ұстаздар өтеді деген сенімдемін. Барлықтарыңызға сәттілік тілеймін», - деді Асыл Амангелдиева.

Интеллектуалды білім додасы ұстаздардың сыни тұрғысынан ойлау қабілетін арттыруға көмектеседі. Мұнда олардың білім деңгейі мен шеберлігі, кәсібилігі сыналады.

 «Қазақ тілі мен математика мұғалімдерінен командалық рухты жетілдіру. Бұл – ұстаздар үшін өте маңызды. Сайыс барысында логикалық тапсырмалар орындайды, қазақ тілі мен әдебиетінен сұрақтарға жауап береді. Басты идея – тапсырмалар дәл осы пән мұғалімдерінің бірлесіп шешуіне бағытталған. Аудандық кезеңге 500-ден астам мұғалім қатысты. Солардың ішінен 110 ұстаз бүгінгі қалалық кезеңге қатысып отыр. Нақтырақ айтқанда, 11 команда бар. Әр команда 10 ұстаздан тұрады. Олардың жартысы қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдері, қалған жартысы математика пәні ұстаздары», - деді Ырысбек Мәуіт.

Мұнда командаларға бөлінген ұстаздар бірнеше кезең бойынша бақ сынайды.

Бүгінгі қалалық кезеңде  жұптық, топтық, командалық (финал) сайыстар түріндегі үш этапта өтеді. Бұл кезеңде қатысушылар жұппен және топ болып тапсырмаларды орындайды.Қалалық кезеңде жеңімпаз болған ұстаздар байқаудың республикалық кезеңіне жолдама алады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл сайыс жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін болады.