Астаналық ұстаз пауэрлифтингтен өткен әлем чемпионатында алтын медаль алды
Каир қаласында өткен пауэрлифтингтен ашық әлем чемпионатына Астанадағв Райымбек батыр атындағы № 50 «Қазғарыш» мектеп - лицейінің бастауыш сынып мұғалімі, Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы Айгүл Ержанова екі алтын медаль алды, деп хабарлады Elordainfo.kz Астана қаласының білім басқармасына сілтеме жасап.
Жиырмаға жуық мемлекеттен келген әйелдер ішінен елу төрт жастағы ұстаз жасының үлкендігіне қарамастан ел намысын қорғап 100 кг ауыр зілтемірді көтеріп рекордтық көрсеткішті бағындырды. Айгүл Тұрғанбайқызы спорттың бұл түріне 52 жасында келген. Бір жарым жыл ішінде ауыр атлетиканы меңгеріп, бұған дейінде бірнеше мәрте әлем чемпионы атанған.
«Қазақстан бұл жарысқа бірінші рет қатысып отырғандықтан мені басында Қытайдан келген қатысушы деп ойлады. Алайда, рекордық көрсеткіш көрсеткенімде қазақстаннан келгенімді біліп, барлығы қошемет көрсетті», - деді Айгүл Тұрғамбайқызы.
2024 жылы мемлекет басшысының қолынан білім саласына айтарлықтай үлес қосқаны үшін Айгүл Тұрғанбайқызы «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағын алды.
Айта кетейік, алдағы уақытта спортшы ұстаз Африкада өтетін жарысқа Қазақстан атынан барып қатысады.