Елорда жаңалықтары

Елордалық сарбаздар жоғалған баланы тауып, анасына тапсырды

Қоғамдық тәртіпті қадағалау кезінде ІІМ Ұлттық ұланының 5573 әскери бөлімінің әскери қызметшілері елорда тұрғыны мен шетел азаматына көмек көрсетті, деп хабарлады Elordainfo.kz Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оқиға Мәңгілік ел даңғылы мен Дінмұхамед Қонаев көшесінің қиылысында болды. Сағат 15:00 шамасында қатардағы жауынгер Дәулет Азамат патрульдеу кезінде жылап жатқан баланы байқады.

«Мен баланың жанына бардым. Ол – 7 жастағы қыз. Қосымша сабақтарға бара жатып ол  жол таба алмай адасып кетіпті. Содан кейін мен оқиға туралы дереу лейтенант Александр Дрягинге хабарладым. Біз баланың ата-анасын іздеу жұмыстарын ұйымдастырдық. Біраз уақыттан кейін біз қыздың анасын тауып, хабар бердік», - деді қатардағы жауынгер Дәулет Азамат.

Сондай-ақ Ақмешіт көшесіндегі «MEGA SILKWAY» сауда-ойын-сауық орталығының жанында қызмет атқару барысында Ұлттық ұланның әскери қызметшілеріне Тәжікстан азаматы өзін өте нашар сезініп тұрғанын айтып, көмек сұрады. Қатардағы жауынгер Елжас Дүйсешев бұл туралы ақпаратты лейтенант Мағжан Есенбаевқа баяндады.

Оқиға орнына жедел медициналық көмек шақырылды. Кейін азамат медицина қызметкерлеріне тапсырылды.