Елорда жаңалықтары

Астаналық оқушылар бөтелке қақпағынан Қазақстан картасын жасады

Астанада №55 орта мектеп оқушылары «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» атты кең ауқымды экологиялық акция аясында пластик қақпақтарды қайта өңдеп, ерекше экологиялық жобаны жүзеге асырды. Олар күнделікті тұрмыста қажетсіз болып көрінетін заттарға екінші өмір сыйлап, бөтелке қақпақтарынан Қазақстанның көлемді картасын құрастырды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Жобаның негізгі мақсаты – қоршаған ортаға деген сүйіспеншілікті арттырып, қоқысты қайта қолдануға үйрету. Бұл игі бастаманы мектептің «Экоәлем» бағыты бойынша жауапты мұғалім Данар Төлегенова ұйымдастырды.

5-11-сыныптар арасында өткізілген қақпақ жинау сайысы арқылы оқушылар арасында экологиялық мәдениет пен белсенділік қалыптасты.

«Экоәлем» бойынша жиналған қақпақ саны 832 дана болды. Ал көлемді карта жасау үшін 397 түрлі-түсті қақпақ жеткілікті болды.

Қалған қақпақтар алдағы экологиялық жобаларға сақталып қойылды.

Картаны құрастыру жұмысына 5-6-сыныптың «Экоәлем» көшбасшылары мен белсенді ата-аналар да атсалысты. Бірлесе жұмыс істеу балалардың ынтасын арттырып, қоршаған ортаға қамқор болуға үйретті.

Бұл жоба – мектеп оқушыларының экологиялық сана-сезімінің артып келе жатқанын көрсететін айқын дәлел. Бөтелке қақпағынан жасалған Қазақстан картасы оқушылардың тек қана шығармашылық қабілетін емес, сонымен қатар елге, жерге деген сүйіспеншілігін де байқатады.