Астаналық оқушы халықаралық байқауда жеңімпаз атанды
Астанадағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Фариза Фазыл The New York Times ұйымдастырған Open Letter Contest халықаралық байқауында жеңіске жетіп, әлем бойынша үздік 10 қатысушының қатарына кірді. Бұл туралы мектептің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Биыл байқауға әлемнің түкпір-түкпірінен шамамен 10 мың оқушы қатысқан. Солардың арасынан Фаризаның жұмысы үздік деп танылып, The New York Times сайтында ең алғашқы болып жарияланды.
Хат оқырманды ойлануға немесе әрекет етуге итермелеуге тиіс.
Фариза өзінің хатын «Ұлболсын» есімді қызға арнаған. Онда отбасы ұлының дүниеге келуін күтіп, қызының туғанына мән бермейтін дәстүрлі көзқарас туралы айтылады.
«Тақырып өзінен-өзі келді. Қыз балаға қойылатын есімнің артында тұтас тағдыр тұратынын түсіндім», – дейді Фариза.
«Ұлболсын, сен тірі қалдың. Бірақ тірі қалу – бұл қалаулы болу емес. Мүмкін, бір күні әлем сенің атыңа лайық орын табар…» – деп жазады ол ашық хатында.