Елорда жаңалықтары

Астанада бір мезетте 400 оқушы «Атамекен» әнін орындады

Республика күніне орай елордадағы №50 «Қазғарыш» мектеп-лицейінде төрт жүз оқушы Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнін орындады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Бүгін ұлттық патриоттық сезімді оятатын әндер бойынша қала мектептерінде «Туған елім – Қазақстаным» атты мегачеллендж басталды. Барлық білім беру ұйымдарының оқушылары рухты көтеретін патриоттық әндерді орындайды.

Мұндағы мақсат – жас ұрпақтың отансүйгіштік, ұлтжандылық, ел мен жерге деген құрметін арттыру.

Сондай-ақ мереке аясында бүгін білім беру ұйымдарында барлық сыныптар арасында «Республикам – мақтанышым» атты сынып сағаттары өтеді. Онда оқушылар танымал адамдармен кездеседі.

«Республика күні – біздің басты ұлттық мерекеміздің бірі.  Бұл біз үшін айрықша мағынаға ие. Астана қаласының Білім басқармасы мереке аясында білім беру ұйымдарында ауқымды іс-шаралар ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Басты мақсат – оқушылардың бойындағы отансүйгіштік, ұлтжандылық сезімдерін ояту», - деді Астана қаласы Білім басқармасының баспасөз хатшысы Аяжан Амантайқызы.

Баспасөз хатшысының айтуынша, аталмыш челлендж 24 қазанға дейін жалғасады.