Елордалық ұландықтар жоғалған ұялы телефонды иесіне қайтарды
Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінің жауынгерлері қала тұрғынына жоғалған ұялы телефонын қайтарып берді, деп хабарлады Elordainfo.kz Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Оқиға 19:55 шамасында Алматы ауданы бойынша патрульдік-бекеттік қызмет атқару барысында болған. Күнделікті қала тыныштығын күзетуге шыққан сарбаздар аудан көшелерінің бірінде жол жиегінде жатқан «iPhone 15» маркалы телефонын байқайды. Жасақ бастығы қатардағы Аслан Абзалұлы мен патрульшілер қатардағы Максим Поправка және Қуаныш Асубеков бұл туралы патрульдік топ бастығына баяндайды. Іле-шала Алматы ауданы бойынша басқа да бағыттағы әскери жасақтарға рация арқылы хабарлап, іздеу шараларын ұйымдастырды», - деп жазылған хабарламада.
Ұландықтардың бірлескен іс-әрекеттерінің нәтижесінде смартфон иесі анықталып, мекен-жайы белгілі болды. Смартфонның бөгде адамдардың қолында кетпей, табылғанына қуанған тұрғын өз қуанышымен бөлісті.
«Ұлттық ұлан сарбаздарының ерлігі мен қырағылы туралы интернеттен жиі оқимын. Міне, бүгін өзіме көмегі тиді. Қазіргі уақытта телефонсыз бір сағат жүрудің өзі қиын, бүкіл шаруамыз соған байланысты. Жоғалған телефонды дер кезінде байқап, әрі өзімді тауып алғандарына қатты қуанып тұрмын. “Айфонның” маған тиесілі екенін дәлелдеген соң, сарбаздар оны қайтарып берді. Ұлттық ұлан жауынгерлеріне көп рахмет!» - деді телефон иесі.
Осылайша ұялы телефон өз иесін тапты. Ал қырағылық танытып, қызметін адал атқарған ұландықтар қала тұрғынының алғысына бөленді.