Елорда жаңалықтары

Астаналық ұландықтар екі азаматтың жоғалған телефондарын қайтарды

Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұланының әскери қызметшілері елорданың Алматы ауданында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету барысында жауапкершілік пен қырағылықтың жоғары деңгейін тағы да танытты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Ұлттық ұланның баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек,  М.Жұмабаев көшесін патрульдеу кезінде «Uly Dala Plaza» бизнес-орталығының жанында әскери жасақ бастығы қатардағы жауынгер Қадырұлы Арман мен патрульдеушілер қатардағы жауынгерлер Төлеген Ерасыл мен Аяшов Бекнұр жерде жатқан «iPhone 14 Pro Max» маркалы смартфонды тапты.

Табылған затты әскери қызметшілер дереу патрульдік топтың бастығына хабарлап, иесін іздеуге кірісті. Көп ұзамай телефон иесі табылып, ұландықтар оған жоғалған мүлкін қайтарып берді. Азамат әскери қызметшілерге жедел және үйлесімді іс-қимылдары үшін шын жүректен алғысын білдірді.

Сол күні қатардағы жауынгер Наурызбай Құрбанәлі мен патрульдік қатардағы жауынгер Сембі Ақылбекпен құралған тағы бір әскери жасақ табылған «Samsung A51» смартфонын иесіне қайтарып берді. Телефон «Жерұйық» саябағын  патрульдеу кезінде табылды. Әскери қызметшілердің жедел іс-қимылдарының арқасында жоғалған  телефон көп ұзамай заңды иесіне қайтарылды.

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының  әскери қызметшілері жоғары кәсібилігін, өз ісіне адалдығын және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, абыроймен қызмет етуді жалғастырады.