Елорда жаңалықтары

Астаналық ата-әжелер Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ерікті болып қызмет етіп жүр

Астанада волонтер ата-әжелер V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ұйымдастыру жұмыстарына атсалысып жүр, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Көшпенділер ойынына тартылған волонтерлер арасында Нұра ауданы бойынша БҰӨСО-ның 20-ға жуық ерікті ата-әжелері де бар.

«Күміс еріктілер» клубының әжелері елімізде өтіп жатқан тарихи оқиғаға белсене атсалып, «Ұлы дала дүбірі» көшпенділер ойынының қонақтарын қарсы алу жұмысын ұйымдастыруда.

Ерікті ата-әжелер таңғы сағат 10-нан бастап белгіленген нысандарда ішкі тәртіп жұмыстарын жүргізуде. Этноауылдағы көрермендер мен қала қонақтарына ойынның бағдарламасы мен нысандардың орналасуы бойынша анықтамалық көмектер көрсетіп, қоғамдық тәртіптің сақталуына өз үлестерін қосуда.

Ерікті Ләззат Дүйсебайқызы бастаған «Күміс еріктілер» клубы Ресей мен Бразилиядан келген еріктілермен бірлесіп, 36 нысанның аумағында қызмет көрсетеді.