Елорда жаңалықтары

Астанадан қыс басталғалы 5 миллион текше метрден астам қар шығарылды

Астананың коммуналдық қызметі күшейтілген режимде қар күреу жұмысын тәулік бойы жүргізіп жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.

6 ақпан күндізгі ауысымда қар тазалау жұмысына 2 627 жол жұмысшысы мен 1 600-ден астам арнайы техника жұмылдырылды.

Ақпанның 5-інен 6-сына қараған түні елордадан 3 566 рейспен қар полигондарына 51 мың текше метрден астам қар шығарылды.

Қыс мезгілі басталғалы 421 721 ауыр жүк көлігімен қаладан 5,1 миллион текше метрден астам қар шығарылды.

Қалада бірнеше жабдықталған қар полигоны бар. Олар самосвал техникасының нөмірлік белгілерін оқу жүйесімен жабдықталған, онда бейнебақылау камералары орнатылып, жарықтандыру қосылған.

«Елорда тұрғындары мен қонақтарынан жолдарда абай болуды, қауіпсіздік ережелерін сақтауды, дауылды ескерту болған жағдайда алыс сапарларға шықпауды сұраймыз.

Төтенше жағдай туындаған кезде «112» нөміріне хабарласыңыз», - делінген хабарламада.