Астанада жылыту маусымына дайындық жұмысы қалай жүріп жатыр
Бүгін Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр, энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, премьер-министрдің кеңесшісі Ермек Маржықпаев және Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек елордадағы негізгі жылумен қамту нысандарын тексерді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Энергия көздеріне қатысты 2 қазандық пен 2 турбинаға күрделі жөндеу, ал 18 қазандыққа ағымдағы жөндеу жүргізу жоспарланған. Жөндеу жұмысы қатаң түрде кестеге сай жүріп жатыр.
Сол сияқты қазіргі уақытта «Астана-Теплотранзит» АҚ аясында қаланың жылу желісінің 1,5 км-ның 1,2 шақырымы жөнделді, ал 4,1 км желі реконструкциядан өтті.
«QazaqGazAimaq» АҚ-ның инвестициялық бағдарламасы аясында газ тарату желісінің 5 учаскесіндегі шеңберлік қосылым құрылысына арналған құрылыс-монтаж жұмысы, сондай-ақ «Телман» тұрғын алабы және басқа да аумақтарда ұзындығы 16,3 шақырымды құрайтын төмен қысымды газ тарату желісінің құрылысы жүргізіледі.
Осыған дейін ЖЭО-3-тің бірінші кезеңі, сондай-ақ «Тұран» және «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу станцияларының іске қосылуының арқасында қаланың жылу қуаты 30 пайызға артты. Аталған нысандар қалаға қосымша сағатына 1100 Гкал жылу қуатын беріп отыр», - деді Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек.
Қала әкімінің айтуынша, биыл «Тұран» станциясының екінші кезеңін аяқтау жоспарланып отыр. Сондай-ақ «Телман» станциясының құрылысы жалғасып, ЖЭО-2 нысанын кеңейту жұмысы басталады, сол сияқты «Оңтүстік-Батыс» газ жылу станциясының жобалау кезеңі қолға алынады. Осы жобалардың бәрін іске асыру 2035 жылға дейін жоспарланған жылу энергиясы қорын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, ЖЭО-3 нысанының бірінші кезеңін резервтік отын көздерімен қамтамасыз ету жұмысы жүріп жатыр. ЖЭО-3 табиғи газбен жұмыс істейді және сағатына 440 Гкал көлемінде ең жоғары қуат өндіреді. Берілетін жылу энергиясы елорданың оңтүстік-батыс бөлігінің қажетін өтеуге мүмкіндік береді.
«Арай» қосалқы станциясының құрылысы жүріп жатыр. Оның іске қосылуы биылға жоспарланған. Бұл қосалқы станция Ұлы дала даңғылы мен Айтматов көшесінің бойындағы қаланың оңтүстік-батыс бөлігін электрмен жабдықтайды.
Сонымен қатар «Астана-РЭК» АҚ инвестициялық бағдарламасына 54,6 км әуе және кабель желілеріне, 73 трансформаторлық қосалқы станция мен тарату пунктеріне күрделі және ағымдағы жөндеу жұмысы кіреді», - деп жазды елорда әкімі.