Астанада жыл соңына дейін тағы 9 мектеп ашылады
Астана әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында жыл соңына дейін қалада тағы 9 жаңа мектеп ашылатынын мәлім етті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Осы жылдың соңына дейін тағы 9 мектеп ашуды жоспарлап отырмыз. Олардың сегізі – Мемлекет басшысының «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған мектептер, тағы біреуі – жеке мектеп. Аталған тоғыз мектеп екі ауысымда тағы 30 мыңнан астам оқушы орнын ашуға мүмкіндік береді», - деп жазды қала әкімі.
Мәселен, Есіл ауданында 4 мектеп орналасады, Нұра ауданында – 3 мектеп, Алматы ауданында – 2 мектеп.
«Қаланы аралау барысында бірқатар оқу орнының құрылысымен таныстым. Бұл мектептердің арқасында 3 ауысымды 4 мектептің және тығыздалығы жоғары 3 мектептің қиындығы шешіледі. Оқу жылының басында біз 15 жаңа мектеп аштық. Жаңа мектептердің арқасында 3 ауысымда оқыту жүргізілген 5 мектептің және тығыздылығы жоғары 4 мектептің қиындығы шешілді. Біз сол сияқты алдағы жылдарға да дайындалып отырмыз. 2025 жылы тағы 20-дан астам мектеп салып, пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз», - деді Жеңіс Қасымбек.