Елорда жаңалықтары

Астанада жыл сайын 20 көппәтерлі тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізіледі

Бұл туралы Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру бойынша Жол картасы аясында Астанада жыл сайын 20 көппәтерлі тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 30 лифт ауыстырылады. Мысалы, 2024 жылға 23 тұрғын үйге жөндеу жұмыстарын жүргізу және 71 лифтті ауыстыру жоспарланған. Бүгінгі күні 12 үйде жөндеу жұмыстары аяқталып, 16 лифт ауыстырылды. Қазіргі уақытта елордада 235 лифт күрделі жөндеуді немесе ауыстыруды қажет етеді»,- деп жазды Ерлан Каналимов.

Мәслихат төрағасының айтуынша, күрделі жөндеуге жататын көппәтерлі тұрғын үйлердің тізімі азаматтардан келіп түскен өтініштер негізінде жасақталады. 

«Олар апатты деп танылмағанымен, зауыттардың жабылуына байланысты қосалқы бөлшектердің болмауы және толық жабдықталмауы секілді себептермен жөндеуді қажет етеді. Өз кезегінде күрделі жөндеуге жататын көппәтерлі тұрғын үйлердің тізімі азаматтардан келіп түскен өтініштер негізінде жыл сайын жасақталады. Барлық жұмыстар елордалық мәслихаттағы «AMANAT» фракциясы мүшелерінің бақылауында»,- деп жазды Е.Каналимов.