Астанада жер үйлерге улы газды анықтайтын 300-ден астам датчик орнатылды
Астаналық ТЖД қызметкерлері жылыту маусымында жеке тұрғын үйлерді аралап, профилактикалық жұмыс жүргізіп жатыр, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Профилактикалық жұмыс нәтижесінде 1 500-ден астам әлеуметтік осал топтарға жататын отбасы қамтылып, 308 улы газды анықтайтын датчиктер орнатылды.
Астанада 2024-2025 жылғы жылыту маусымының басталуымен тұрғын үйлерде 120-дан астам рейд өтіп, оның барысында 31 мың тұрғын үй аулааралық бақылаумен қамтылды. Бұл профилактикалық шараларға құтқарушылардан бөлек, жергілікті атқарушы органдар, полиция және прокуратура қызметкерлері, сондай-ақ «Астана жастары», Lider.kz, «Қызыл жарты ай» және «Қанат» волонтерлік ұйымдарының өкілдері қатысты.
Бұдан басқа, жылыту маусымы басталғалы бері орнатылған 400-ден астам датчиктер тексеріліп, оны қадағалау бойынша нұсқамалар берілді.
Сондай-ақ тұрғындарға жылыту маусымында пештерді, қазандықтарды, жылу генераторлары мен калоферлік қондырғыларды, үйді жылыту үшін пайдаланатын басқа да жылыту құрылғылары мен жүйелерін тексеру қажеттігі ескертілді.