Елорда жаңалықтары

Астанада жазасын өтеп шыққан азаматтарға қалай көмек көрсетіледі

Астанада «Құқықтық мұраны сақтау» тақырыбында өткен конференцияда бас бостандығынан айыру орындарынан босаған азаматтардың әлеуметтік бейімделу мәселесі талқыланды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Іс-шара «Заң және тәртіп» қағидаты аясында «Реабилитациялық технологиялар мен концепциялар» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өтті.

«Реабилитациялық технологиялар мен концепциялар» қоры Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы бойынша жобаны жүзеге асыруда. Олар 400-ден астам адамға көмек көрсетті. Оның ішінде 199-ы жұмысқа орналастырылды, 34 адам «жедел желі» телефоны арқылы кеңес алды, 25 адам әлеуметтік қолдауға, 47 адам құқықтық, 12 адам медициналық көмекке жүгінді, тағы 12 адам жеке кәсіпкерлігін ашты, 3 адам құжаттарын рәсімдей алды.

2025 жылғы жұмыстың қорытындысы бойынша мамандар: тіркеусіз жүрген және әлеуметтік қиын жағдайда қалған адамдардың саны азайғанын, ресми жұмысқа орналасу, зейнетақы аударымдары мен медициналық сақтандырудың арқасында сырқаттанғандар саны кемігенін атап өтті. Дегенмен, әр алтыншы адамның несиелері мен ондаған миллион теңгеге жететін сот істері бар, оларды жедел реттеу қажет.

Қор директоры Орынбасар Құлжабаеваның айтуынша, көмек тек жұмысқа орналастырумен шектелмейді, кешенді қолдау көрсетіледі.

«Қор мен қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы арасында жасалған келісім бойынша біз сотталғандарды түрлі курстарға жібереміз. Мемлекеттік органдармен, пенитенциарлық жүйе өкілдерімен, көші-қон полициясымен, ХҚО-мен, учаскелік пунктермен, мансап орталығымен белсенді жұмыс істейміз. Күн сайын азаматтарды қабылдау жүргізіледі, 22-72-01 қызмет телефоны жұмыс істейді. Біз барынша көмек көрсетуге тырысамыз: психологиялық тұрғыда қолдау, денсаулығын түзетуге жәрдемдесу, зиянды тәуелділіктерден арылтуға көмектесу», - деді ол.

Сонымен қатар конференцияға қатысушылар пробация қызметі, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың күшін біріктіретін толыққанды реабилитациялық орталық құру қажеттігін талқылады. Мұндай орталық бұрын сотталғандардың мәселелерін жүйелі шешуге және олардың табысты әлеуметтенуіне ықпал ете алар еді.