Елорда жаңалықтары

Астанада «Жайлы қалалық орта» жобасы басталды

Бүгін елордада  AMANAT партиясының ұйымдастыруымен «Жайлы қалалық орта» жобасы басталды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Алматы ауданында өткен іс-шараға партияның  Астана қалалық филиалының Атқарушы хатшысы Мұхаммед Болысбек сондай-ақ мәслихат депутаттары, партия және қоғам белсенділері мен тұрғындар қатысты.

 «Өздеріңізге мәлім, Мемлекет басшысы «ТАЗА QAZAQSTAN» жалпыұлттық акциясын жариялағаннан бастап елімізде сенбіліктер, бейсенбіліктер секілді түрлі акция басталды. Осы орайда бүгін біз  AMANAT партиясының Астана қалалық филиалы жанынан «Жайлы қалалық орта» жобасын бастап отырмыз. Жобаның мақсаты – аула тұрғындары арасында экомәдениетті қалыптастыру. Бүгінгі іс-шараға  тұрғындар бала-шағасымен келіп отыр. Осылайша ата-аналар балаларына да қоршаған ортаны ластамай, таза ұстауға тәрбиелейді» - деді AMANAT партиясының Астана қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мұхаммед Болысбек.

Аталмыш жоба тазалық мәдениетін қалыптастыруды насихаттайды.

«Тазалық бұл адамның ішкі мәдениетінің, адамгершілігінің көрінісі. Біз өзіміздің үйіміздің, тұрып жатқан қаламыздың таза болуына баса мән беруге дағдылануымыз қажет. Келешек ұрпаққа таза ауа мен  таза жерді қалдыру – біздің борышымыз. Табиғатқа зиян келтіретін артық іс-әрекетке жол бермеуіміз керек.  Біздің аулада 4 тұрғын үй орналасқан. Мұнда шамамен  1490 пәтер бар. Қазіргі кезде кіреберіс есіктер күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Оған қоса, ауланы жарықтандыру жұмыстары да жүргізілуде. Кейін тұрғын үйіміздің шатыры жөнделеді деп жоспарланып отыр» - деді «Тұрсын Астана2» тұрғын үй кешені  меншік иелері бірлестігінің төрағасы Қуаныш Оспанов.

«Жайлы қалалық орта» жобасы аясында мұнда аулаларды тазалау, орындықтарды сырлау, балалар ойын лааңдарынының тозығы жеткен жерлерін жөндеу, жыртылған төсеніштерін жамау жұмыстары жүргізіледі.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл іс-шара  әр бейсенбі сайын тұрақты түрде өткізіліп тұрады.