Елорда жаңалықтары

Астанада жаңа жылдың алғашқы жүгіру жарысы өтті

Жексенбінің таңында қала тұрғындары Ботаникалық саябақта 4 шақырым қашықтықты бағындырды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Бұқаралық спорттың арасында танымалдылыққа ие жүгіруден 2025 жылдың бірінші жүгірісі ұйымдастырылды. Бүгінгі шарада 600-ге жуық қатысушы бас қосты.

«Жүгіру - ешқандай мезгіл таңдамайтын спорттың түрі. Былтыр аязды күнде де, түнде де, мейрамдарда да ұйымдастырылған сәтте жүгірушілердің қарасы өте көп болған еді. Бүгінгі спорттық шарамызда қатысушыларға керемет атмосферадан бөлек, арнайы жаңа естелік медаль мен жаңа жылдық сыйлықтарымызды да үлестірдік. Әрбір салауатты өмір салтын ұстанатын жандарға алғысымыз шексіз», - деді Астана қаласы әкімдігінің «Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы» КММ спорттық-бұқаралық іс-шараларды жоспарлау бөлімінің басшысы Көлбай Жанбек.

Жүгіріске жиналған қатысушылардың ең жасы 8-де және ең егдесі 62 жаста болды.

«Күнделікті ақпараттарға көз жүгірткен сәтте үнемі түрлі экзотикалық аурулардың пайда болып жататынына куә боламыз. Жүгіру - ауруға қарсы ем. Кейінгі 4 жылда спортты қолға алып, жүгіру, дуатлон, триатлон, үстел теннисі, велотректен өтетін барлық шараларды құр жібермеймін. Осының нәтижесінде 76 медаль еншілеп, үлкен жастағы азаматтардың бірлестігін құрдық. Көп жағдайда зейнетке шыққан тұрғындар белсенділікті азайтады. Менің мақсатым - қатарластарым мен немерелеріме үлгі болу. Қазіргі сәтте екі немерем де менен қалыспай, спортқа бет бұрды», - деп Марат Баукенов атты қатысушы ойымен бөлісті.

Шара соңында қатысушылар естелік медаль мен сыйлықтарға ие болды.