Астанада жаңа спорт алаңы ашылды
Бүгін елордада № 34 Барлыбек Сырттанұлы атындағы мектепте спорт алаңының ашылуы өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Қаланың шеткі бөлігінде орналасқан мектепте қазіргі сәтте 374 оқушы білім алып жатыр. Білім маңызды, алайда қосымша спорт алаңының ашылуы балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға үлес қосып, салауатты өмір салтын ұстануына мүмкіндік береді. Осы орайда Байқоңыр ауданының әкімдігінің демеушілігімен 3 ай ішінде жаңа спорт алаңы салынды.
Шараға Астана қаласы Байқоңыр ауданының әкімі Талғат Рахманберді, Білім басқармасының әдіскерлері, білім беру ұйымдарының басшылары, ата-аналар, мұғалімдер, оқушылар, мектеп түлектері қатысты.
«Мектеп оқушыларының білімді де, білекті де болғаны біз үшін өте маңызды. Спорт – денсаулық кепілі. Сондықтан біз әрқашан да білім мен спортты қатар алып жүруіміз керек», - деді мектеп директоры Мұрат Ахметов.
Ресми ашылудан кейін спорт алаңында мектеп оқушылары эстафеталық ойындар, асық ату, арқан тартыс, кермеге тартылу, футбол, шахмат бойынша өздерінің спорттық дағдыларын көрсетті.