Астанада жаңа құрылыс кодексіндегі өзгерістер талқыланды
«Астана онлайн» әлеуметтік жобасы аясында «Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру: Құрылыс кодексі – құрылыс сапасын арттырудың заңнамалық негізі» тақырыбында ақпараттық пікірталас бағдарламасы өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Тікелей эфирде жаңа Құрылыс кодексінің мәні, оның әзірлеу барысы туралы халыққа кеңінен ақпарат берілді.
Бағдарламаға жоба жетекшісі, «Ұлттық құндылықтар академиясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әділхан Дүйсебек, мәжіліс депутаты, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Мұрат Әбенов, мәжіліс депутаты, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Бақытжан Базарбек, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің департамент директоры Руслан Лепесов, «ҚазҚСҒЗИ» АҚ бас директоры Бегман Күлбаев және Астана қалалық Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұханов қатысты. Іс-шарада құрылыс саласындағы өзекті мәселелер мен заңнамалық реттеу тетіктері талқыланды.
Атап айтқанда, «Құрылыс кодексі – құрылыс сапасына пәрменді бақылау орнатудың заңнамалық негізі», «Құрылыс саласындағы түйткілді мәселелер және заңнамалық тетіктерді жетілдіру», «Құрылысты жоспарлаудың және оған мониторинг жүргізудің ұлттық цифрлық платформасы», «ҚР жаңа Қала құрылысы кодексінің құрылым жобасын әзірлеу барысы» тақырыптарында пікірталас өтті. Руслан Лепесовтың айтуынша, 2022 жылы Президенттің тапсырмасымен Жаңа құрылыс кодексін әзірлеу жұмыстары басталған. Бүгінде мәжілісте қаралып жатқан сол кодекс жыл соңында қабылданады. Жаңа құрылыс кодексінде бұрынғы заңдағыдай емес адамның қауіпсіздігі мен жайлы жағдайы алдыңғы орынға қойылған. Құрылысқа қатысты халықтың жан-айқайы, ұсыныстары мен сын-ескертпелері негізге алынған. Құрылыс сапасына тағылған сын бойынша мәселелерді шешу механизмдері қарастырылған», - деді Бақытжан Базарбек.
Бағдарламаға қатысқан елорда тұрғындары спикерлерге қаладағы құрылыстарға қатысты өзекті мәселелерді, өздері тұратын үйдің қиындықтарына байланысты жеке сұрақтарын қойып, заң аясында оны қалай шешуге болатыны туралы жауап алды.