Елорда жаңалықтары

Астанада әйелдер күніне арналған мерекелік концерт өтті

Бүгін Астанадағы Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында “Әлемнің жарығы” атты 8 наурыз халықаралық әйелдер күніне арналған мерекелік концерт өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Оған оқушылар сарайы тәрбиеленушілерінің аналары мен қызметкерлері қатысты.

"Оқушылар сарайында “Аналар мектебі” жұмыс істейді. Бұл 10 мыңнан астам оқушының ішіндегі белсенді аналардан құралған. Олар біздің қызметкерлермен, жас мамандармен, аналармен үнемі бірлесіп, бала тәрбиесі бағытында жұмыс жүргізеді. Ол семинар, тренинг секілді түрлі форматта өтеді. Бүгінгі іс-шараны өткізуге “Аналар мектебінің” мүшелері атсалысуда”, - деді Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайы Әдістемелік бөлімінің меңгерушісі Қымбат Іргебаева.

Мұнда оқушылар сарайы тәрбиеленушілері мен олардың аналары өнер көрсетті. “Аналар мектебінің” мақсаты - отбасылық, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, болашақ ұрпақты тәрбиелеуде аналарға әлеуметтік қолдау көрсету. Концерт барысында аналар құлақтан кіріп, бойды алар әндерді орындап, көрерменнің жылы ықыласына бөленді. Солардың бірі “Аналар мектебінің” мүшесі, зейнеткер Ардақ Игенова өзінің авторлық әнін шырқады.

"Кемелді келешегімізді көркейтуге, егеменді еліміздің болашақ рухты ұрпағын тәрбиелеуде “Аналар мектебінің” маңызы мол. Біз жыл бойы еліміздегі басты мерекелерді атап өтуге үлесімізді қосамыз. Жалпы мәдени іс-шаралардың бас-қасында жүреміз. Барша аруларды келе жатқан мерекемен құттықтаймын. Бұл - көктем мерекесі, аналар мерекесі. Жер бетінде аналар бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербетеді. Сондықтан баршаңызға амандық тілеймін”, - деді Ардақ Игенова. Мерекелік кеште қатысушылар көрермендерге қазақ қызының көркі болған шолпы тағу көрінісін көрсетіп, маңызын айтып берді.