Астанадағы жайлы мектепте алғашқы Триумф балы өтті
Астана қаласындағы №111 жайлы орта мектептің алаңында ерекше маңызы бар әрі әсерлі іс-шара – «Жарқын болашаққа бір қадам» атты алғашқы Триумф балы жоғары деңгейде ұйымдастырылып, салтанатты түрде өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Бұл кеш 2024-2025 оқу жылында халықаралық, республикалық және қалалық деңгейдегі пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалар сайыстарында жеңімпаз атанған озат оқушыларды, олардың жетекшілері мен ата-аналарын ұлықтауға арналды.
Кештің шымылдығын «Астана кеші» әнімен ашқан «Шаттық» байқауының дипломанттарының өнері ерекше әсер қалдырды. Мектеп директоры Данара Джумартова алғашқы құттықтау сөз сөйлеп, шараның маңызын айқындай түсті. Іс-шара қонақтары ретінде Астана қаласы «Нұра» ауданы әкімінің орынбасары Әлия Әбсеметова, «Аманат» партиясы Астана қалалық филиалының Атқарушы хатшысы Мұхаммед Болысбек, Астана қаласы Әдістемелік орталық басшысының орынбасары Жангелді Әмірғалиев, Астана қаласы Білім басқармасының баспасөз хатшысы Аяжан Амантайқызы, Қамқоршылық кеңес мүшелері қатысты.
Салтанатты марапаттау сәтінде келесі номинациялар бойынша үздіктер анықталды:
- «Зерделі оқушы – 2025»;
- «Ғылым шамшырағы – 2025»;
- «Спорт жұлдызы – 2025»;
- «Спорт көшбасшысы – 2025»;
- «Үздік ата-ана – 2025»;
- «Үздік Қамқоршылық кеңес мүшесі – 2025».
Іс-шара барысында ұстаздарға құрмет көрсетіліп, «Ұстаздар вальсі» орындалды. Сонымен қатар оқушылардың шығармашылық, спорттық және ғылыми жетістіктері бойынша түрлі марапаттар табысталды.
№111 жайлы мектеп 2024 жылдың 2 қыркүйегінде ашылып, алғашқы оқу жылын 2 мыңнан астам оқушымен табысты аяқтады. Мектептің алғашқы 55 түлегі үлкен өмірге қадам басып, бүгінгі кештің шын мәніндегі кейіпкерлеріне айналды.
Балды қорытындылаған «Сен мықтысың» әні мен жеңімпаздар вальсі кештің мәнін тереңдете түсті.
«Триумф» балы – бұл жай ғана марапат кеші емес, бұл – еңбектің, табандылықтың, армандар мен үміттің жеңісі. Бұл – әр баланың болашаққа жарқын қадам басқан тарихи сәті.