Астанадағы «Сарайшық» ауданында «Учаске» іс-шарасы өтті
Бүгін елордадағы «Сарайшық» ауданының көпшілік көп шоғырланатын аумақтарында түнгі уақытта ересектердің қарауынсыз жүрген кәмелетке толмағандарды анықтау бойынша профилактикалық рейд өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Заң және тәртіп» жобасы шеңберінде өткізілген рейдке депутаттар, Астана қаласы және «Сарайшық» ауданы бойынша кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияның мүшелері, аудан әкімдігі мен полиция басқармасының және аудан прокуратурасының өкілдері қатысты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл тектес рейдтер тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Бұған дейін «Назар аударыңыз, балалар», «Түнгі қаладағы балалар», «Жасөспірім» жедел алдын алу іс-шарасы өткізілсе, бұл жолы «Учаске» іс-шарасы ұйымдастырылып отыр.
«Сағат 22.00-ден кейін компьютерлік клубтар, ойын-сауық кешендері тексеріледі. Балалар мен жасөспірімдер мұндай жерлерде ата-анасыз жүргені үшін ҚР Әкімшілік кодекстің 442-бабы 1-тармағымен хаттама толтырылады. Сондай-ақ осы орындардың иесіне немесе әкімшілері де жауапкершілікке тартылады.
Түнгі сағат 23.00-ден кейін балалар ата-аналарынсыз көшеде немесе аулаларда жүрсе, жоғарыда аталған баптың 2-тармағымен хаттама толтырылып, түсіндірме жүргізіледі.
Рейд күні бізге 20-20-ке дейін бала әкелінеді. 7-8 бала күнделікті әкелініп тұрады деуге болады. Оларға әуелі ескерту беріліп, бір жылдың ішінде қайталанса, айыппұл салынады», - деді «Сарайшық» ауданы полиция басқармасының ювеналдық полиция тобының учаскелік полиция инспекторы Ақбота Мағзумова.
Оның айтуынша «Сарайшық» ауданы полиция басқармасының ювеналдық полиция тобында тіркеуде 14 кәмелетке толмаған жасөспірім бар.
«8 сәуір мен 1 қыркүйек аралығындағы есепті кезеңде кәмелетке толмағандар 12 қылмыс жасады. Ал кәмелетке толмағандарға қатысты 17 қылмыс тіркелді. 36 жасөспірім әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - деді спикер.