Елорда жаңалықтары

Астанада құқық саласының мамандарына арналған семинар өтті

Бүгін Астанадағы Барлыбек Сырттанұлы атындағы №34 орта мектепте «Алаш және құқықтық мемлекет» тақырыбында семинар өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Семинар қала әкімдігінің,  Байқоңыр ауданының прокуратурасы мен Полиция департаменті,  Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығы» қолдауымен ұйымдастырылып отыр.

Оған құқық саласының мамандары, тарих пәні мұғалімдері қатысты.

Семинардың басты мақсаты — Алаш қайраткері, алғашқы қазақ заңгерлерінің бірі Барлыбек Сырттанұлының «Қазақ елінің уставы» атты еңбегін тарихи және құқықтық тұрғыда зерделеу арқылы қазіргі Қазақстан Республикасының заңнамасымен байланысын ашу, сондай-ақ құқықтық мәдениетті қалыптастыруға ықпал ету.

Іс-шара барысында қатысушыларға көрмеде Барлыбек Сырттанұлының өмірі мен тарихи рөлі  таныстырылды.

Семинарды мектеп директоры Аманкелді Боданов ашып, Алаш мұрасын ұрпақ санасына сіңірудің маңызын атап өтті.

«Қазақ елінің уставы  заңы қазіргі біздің екі Конституцияның ұғымдарын қайталайды. Мұнда  қазақ елінің Тәуелсіздігі, егемендігі туралы баяндалған. Ол құқықтық құжат болғандықтан әртүрлі норма көзделген. Оның ішінде мемлекеттік құрылым, отбасы және азаматтардың құқықтары, және т.б. мәселелер қамтылады», - деді Б.Сырттанұлы атындағы №34 орта мектеп директоры Аманкелді Боданов.

Семинар аясында бірнеше бағыттағы секциялық жұмыстар өтті. Атап айтқанда, «Құқықтық сананың қалыптасуы: ұлттық мұра, қазіргі заңнама және болашаққа бағдар» атты секцияда құқықтық сабақтастық мәселелері, гендерлік саясат, ұлттық дәстүр мен халықаралық тәжірибе тақырыптары кеңінен қамтылды. Ұстаздар құқықтық тәрбие берудің озық тәжірибелерімен бөлісіп, шебер-сыныптар ұйымдастырды.

Семинар соңында қатысушылар кері байланыс алаңында пікір алмасып, өз ұсыныстарын білдірді. Ұлт тарихына, заңдылық пен әділдік қағидаттарына терең бойлатқан бұл іс-шара – жас ұрпақтың құқықтық санасы мен патриоттық рухын қалыптастыру жолындағы игі қадам болды.