Астанадағы Ұлттық ұланның авиациялық базасында Наурыз мерекесі тойланды
Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұланының 3656 әскери бөлімінде Наурыз мейрамына арналған мерекелік іс-шара өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Жаңару, бірлік пен молшылықтың белгісі саналатын күнді әскери қызметшілер ерекше құрметпен және тебіреніспен қарсы алды. Бұл туралы Ұлттық ұланның баспасөз қызметі мәлімдеді.
Мерекенің басты сәттерінің бірі – ұлттық дәстүрлерді дәріптеу. Кимешек киген әжелер көрісу, тұсаукесер, бесікке салу және беташар секілді қазақ халқының салт-дәстүрлерін көрсетіп, олардың мән-мағынасын түсіндірді.
Іс-шара соңында құрметті қонақтардың бірі «Ақ кимешекті – киелім» аналар тобының мүшесі Гүлнәр Нагаспаева өз әсерімен бөлісті:
«Бүгінгі жастарға қарап, халқымыздың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын қадірлейтінін көріп, марқайып тұрмын. Біз жауынгер ұландарға ақ батамызды бердік. Олар – Отанның қорғаны, ертеңгі ел тірегі. Отанымыздың қорғаушылары әрдайым қайратты әрі рухты болсын!», - деді құрметті қонақ.
Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан дәстүрлер әскери қызметшілерге қазақ халқының терең тарихы мен бай рухани мұрасын тағы бір мәрте еске салды.