Елорда жаңалықтары

Астанадағы LRT станцияларының атаулары бекітілді

Астана қаласы мәслихатының 40-шы кезектен тыс сессиясында қала әкімінің орынбасары Есет Байкеннің қатысуымен депутаттар жеңіл рельсті көлік станцияларына атау беру мәселесін қарап, 18 станцияға атау беруді мақұлдады. Бұл туралы Астана қаласы мәслихатының төрағасы Табиғат Зейнұлқабден мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Тізімге: «Әуежай», «Атамекен», «Есіл», «Мәңгілік Ел», «Астана жұлдызы», «Нұра», «Университет», «Ұлы Дала», «Астана Арена», «Жекпе-жек сарайы», «Сығанақ», «Бәйтерек», «Министрліктер үйі», «Ұлттық музей», «Театр», «Мыңжылдық аллеясы», «Жібек жолы» және «Нұрлы жол» атаулары енгізілді.

«Болашақ ЛРТ-ның әр станциясы елорданың мәдениеті мен тарихын айшықтайтын атауға ие болмақ», - деп жазды мәслихат төрағасы.

Сондай-ақ сессияда депутаттар балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі жаңа басқарма құру туралы ұсынысты қолдады. Бұл шешім Үкіметтің тапсырмасына сәйкес қабылданып, балалардың құқықтарын қорғау жұмыстарын, соның ішінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдауды күшейтуге бағытталған.
Жаңа басқарма балалардың құқықтарын қорғау мәселелеріне жүйелі түрде қарауға, осы саладағы жұмысты үйлестіруге және қосымша қолдау шараларын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.