Елорда жаңалықтары

LRT құрамына 18 станция кіреді – Жеңіс Қасымбек

Бұл туралы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновке LRT құрылысын іске асыру барысы туралы баяндадым. Жеңіл рельсті желінің жалпы ұзындығы 22,4 км құрайды. LRT құрамына 18 станция кіреді. Биыл жобаның негізгі құрылысын толықтай аяқтауды жоспарлап отырмыз. Олар – эстакада құрылысының аяқталуы, станциялардың негізгі темірбетон конструкцияларының құрылысы, Есіл өзені арқылы өтетін аспалы көпірдің құрылысы», - деді қала әкімі.


Шаһар басшысының айтуынша, қазіргі кезде 18 станцияның құрылысы жүріп жатыр.

«18 станцияның құрылысы жүріп жатыр. 101 (әуежай) станцияның қасбеттік бөлігінің құрылысы аяқталды. 2025 жылдың соңына дейін жолдың жоғарғы құрылысын толық аяқтау, оның ішінде рельстерді төсеу, дабыл және байланыс жүйелерін баптау, станцияларды ішкі және сыртқы әрлеу, жылжымалы құрамдарды жеткізетін депо салу жоспарланып отыр. Сол сияқты 2025 жылы Қабанбай батыр даңғылы мен Қалдаяқов көшесі бойындағы LRT эстакадалық бөлігін абаттандыру жоспарланып отыр. Жоба аяқталғаннан кейін жеңіл рельсті желі бойынша пилотсыз пойыздар іске қосылады. Төлем жүйесі қалалық аналогы бойынша, көлік картасын валидациялау немесе QR-кодпен төлеу арқылы көзделетін болады», - деді әкім.