Астанадағы ең үлкен «Жайлы мектеп» туралы не білеміз?
Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы іске асып жатыр. Апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін шешуге бағытталған жоба аясында 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасалады. Мәселен елордада мұндай 24 мектеп бой көтереді. Осы орайда «Жайлы мектептің артықшылығы неде?» деген сұрақ туындайды. Elordainfo.kz тілшісі осы және өзге сауалдарға жауап алу үшін Есіл ауданында жаңадан салынған №103 мектепке барды.
Бұл білім ордасы елордада бой көтерген «Жайлы мектептердің» ең үлкені. Жалпы аумағы 19 мың 576 шаршы метрді құрайды. Сәйкесінше, мұнда 4 мыңға жуық оқушы білім ала алады.
Жаңа мектеп директоры Жанат Айтованың сөзінше, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мектепте үш кіреберіс бар.
«Жайлы мектепте оқу-тәрбие жұмыстарына қолайлы жағдай жасалып, оқушылар қауіпсіздігі толықтай қамтамасыз етілуі керек. Мысалы, мектепте үш үлкен кіреберіс бар. Бұл оқушылардың мектепке келуі, сабақтан кейін еш кедергісіз мектептен шығуна мүмкіндік береді. Одан бөлек 170 бейнебақылау камерасы орнатылған. Ал бастауыш және жоғары сынып оқушылары жеке-жеке блоктарда білім алады», - дейді Ж.Айтова.
Құрылыс барысында мектеп дәлізінің кең және жарық болуына ерекше мән берілген. Жылы түстер үйлесім тапқан қабырғаларда Қазақстан және әлем картасы ағаштан ойылып, жапсырылған. Сонымен қатар ұлы Абай Құнанбаевтың, Ыбырай Алтынсариннің және Ахмет Байтұрсыновтың қанатты сөздері жазылған.
Үлкен дәлізде оқушылар мен ата-аналар арасында жиын өткізу үшін интерактивті тақта орнатылған. Сонымен қатар оқушыларға сабақ кестесі мен жалпы мектеп картасын көруге мүмкіндік беретін интерактивті панель де қойылған.
«Өздеріңіз байқағандай, мектепке кірген кезде бірден асхана көрінеді. Оның өз себебі бар деп ойлаймын. Мысалы, балалар өз үйіне кіргенде бірден асүйді көреді ғой, сондай жылулық сыйлау үшін асхана да осы жерде орналасқан деп ойлаймын. Асханада түстер үйлесіміне аса қатты мән беріледі. Мәселен, оқушылар қолданатын ыдыс-аяқ түсі әдеттегідей бірыңғай аппақ емес. Бастауыш сынып оқушылары үшін жарқын және ашық түсті ыдыстар қолданылып, балалар мектепте үйдегідей жайлылық сезе алады. Асхананың екінші бөлігінде орта буын оқушылары тамақтанады. Сәйкесінше ыдыс-аяқ түсі де өзгерген. Жоғары сынып оқушылары үшін де арнайы блок бар, онда да ыдыс түсі балалардың жасына қарай өзгерген», - деп түсіндірді мектеп директоры.
Асханада 1-4-сынып оқушылары мен әлеуметтік жағдайы төмен отбасыдан шыққан балалар тегін тамақпен қамтамасыз етіледі. Мұнда да кіреберіс екі есік бар және оқушылар кесте бойынша тамақтанады. Сонымен қатар бұл жерде тамақтың сапалы дайындалуына аса мән берілетін болады.
10 блоктан тұратын білім ордасында дене шынықтыруға арналған 4 зал, яғни көлемі жағынан екі кішкентай және екі үлкен спортзал ашылған. Сондай-ақ, 432 көрерменді қамтитын акт залы бар.
«Бұл мектепте әрбір оқушының жайлы білім алуына барлық жағдай жасалған деп толық сеніммен айта аламын. Мәселен, әдеттегі мектептерде дене шынықтыру сабағын сабақ кестесіне қоятын кезде қиындық тудыратын. Өйткені спортзалға бір уақытта бірнеше сынып оқушылары сыймайтын. Ал жайлы мектепте 4 спортзал ашылған. Одан бөлек, дене шынықтыру мұғалімдеріне арналған жеке кабинеттер де бар. Әдеттегі мектептерде медпункт тек бір кабинетте ашылған. Ал бұл жерде медпункт бірнеше кабинетке бөлінген. Барлық қажетті медициналық құралдармен жабдықталған. Сонымен қатар үлкен кітапхана, хореография мен аспап түрлері қойылған музыка кабинеті де бар», - дейді Ж.Айтова.
Жайлы мектепте ерекше білім беруді қажет ететін балаларға да жағдай жасалған. Толық жабдықталған инклюзивті кабинетте 12 оқушыға дейін білім ала алады.
«Бұрын ерекше қажеттілігі бар оқушылардың білім алуы қиындау болатын. Мұғалімдер сабаққа қажетті көрнекі заттарды өздері қолдан қиып, дайындайтын. Қазір бұл кабинетте барлық жабдықтар қойылған. Сонымен қатар психолог, дефектолог пен логопед кабинеттері жеке-жеке ашылған. Бұл өте керемет деп айтар едім. Себебі, өзге мектептерде мұндай мамандарға жеке кабинет қарастырылмаған. Одан бөлек, кабинет жанында жедел лифт те бар. Ал мектеп кіреберістерінің барлығында пандус қойылған. Мектепте шамамен 120 дәретхана болса, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандарға да жағдай жасалған. Әзірге біздің мектепте инклюзивті білім алуға 7 оқушы өтініш берді», - дейді мектеп директоры.
Жайлы мектепте үш коворкинг алаңы бар. Олар бастауыш сынып оқушылары мен жоғары сынып оқушылары және ұстаздарға арналған. Әрқайсысы ұлттық құндылықтарға сай безендірілген.
Әр сыныпқа арнайы интерактивті тақта мен мұғалімге арналған компьютер де қарастырылған.
Оқушылардың білімге деген құштарығын арттыратын робототехника мен информатика кабинеттері және STEM зертханасы жабдықталған.
«Бүгінде жайлы мектептке 1 360 оқушы қабылданды. Жаңа жыл қарсаңында мектеп аумағында орналасқан жаңа үйлердің құрылысы аяқталады. Бұл дегеніміз мектепте әлі де оқушылар саны өседі дегенді білдіреді. Кадр мәселесі де ескерілді. Жаңа мектепте 90-ға жуық педагог білім беретін болады. Оның ішінде жас мамандар да бар. Менің ойымша, жайлы мектеп барлығы жоғары сапада болу керек. Мектептің психологиялық ахуалы жайлы болуы өте маңызды. Мұндай мектептер балалардың сапалы білім алуына үлкен мүмкіндік береді», - дейді Ж.Айтова.
Қазіргі кезде мектептің ішкі әрлеу жұмыстары аяқталып қалды. Сонымен қатар жиһаздар мен құрал-жабдықтар орнатылып, абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.