Астанадағы «Чемпиондық рух» жүгірісіне 600-ге жуық адам қатысты
Бүгін, 14 қыркүйек күні Астанадағы Ырыскелді қажы мешіті жанында салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында қала тұрғындары жүгірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Сарыарқа ауданында көпшілікке мәлім жүгіру маршрутында қатысушылар 4 және 7,6 шақырым қашықтықты еңсерді.
«Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында қазақ халқына төніп тұрған кеселдердің қатарына синтетикалық есірткі мәселесін айтып еді. Ал оған қарсы күрес жүргізу үшін бұқаралық спортты дамытып, жүгіру сынды спорттық шараларды өткізе беру қажет. Неге? Біріншіден, спорт арқылы адам өз бойында имминутитетті қалыптастырады. Екіншіден, осындай ортада дені сау, уақытын тиімді жұмсайтын жаңа достарды табуға жақсы мүмкіндік. Алдағы уақытта спорттық мерекелерді ұйымдастыра береміз деген сенімдемін», - деді Астана қалалық мәслихатының депутаты, «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанаты филиалының төрағасы Арсланбек Мағзұм.
Спорттық іс-шарада мәреге жеткен барлық қатысушыға арнайы естелік медаль беріліп, лотерея арқылы түрлі сыйлықтар ойнатылды.
«Бүгін отбасымызбен 4 шақырымды жүгіріп өттік. Өзім қалада қандай іс-шара болмасын, қалдырмауға тырысамын. Енді отбасымды да осы жолға баулудамын. Қарапайым аулада басталған жүгірістің спорттық азарттық айналатынын кім білген?! Бұйырса, алдағы уақытта Алматы, Түркістан және Бішкек (Қырғызстан), Самарқандта (Өзбекстан) толыққанды марафон қашықтығын (42,2 шақырым) жүгіруге ниеттеніп отырмын», - деп Марғұлан Ермағамбетұлы атты қала тұрғыны эмоциясымен бөлісті.
Айта кетейік, жүгіріс кезінде көліктерге ешқандай шектеу қойылмай, қала тұрғындары мегаполистің көрікті жері саналатын Есіл өзенінің бойымен жүгіріп өтті.