Елорда жаңалықтары

Астанадағы BaiQymyz гастрофестивалі: алғашқы күні 40 мың адам келді

Астанада қазақтың ұлттық сусыны – қымызға арналған ел тарихындағы алғашқы ірі көлемді гастрофестиваль «BaiQymyz – бапталған қымыз» өтіп жатыр. Іс-шараның алғашқы күнінде 40 мыңнан астам қонақ жиналды, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігіне сілтеме жасап.

Фестивальге қатысушылар арасында тек астаналықтар мен Қазақстанның өңірлерінен келген тұрғындар емес, алыс-жақын шетелден келген туристер де болды.

Мен Қарағанды облысы, Үштөбе ауылынан келдім. Біз 25 бие сауамыз, күніне шамамен 150 литр қымыз өндіреміз. Қала тұрғындары дәмін көрсін деп ауылдың 600 литр қымызын ала келдім, – деді фестивальге қатысушы Серғазы Исабеков.


19-20 шілде күндері «Қазанат» ипподромында өтіп жатқан фестиваль қымыз көлемі бойынша рекорд орнатты. Келушілерге еліміздің түкпір-түкпірінен әкелінген қымыздың барлық түрінен дәм татып көруге мүмкіндік берілді. Жалпы көлемі 30 тоннаға жуық қымыз елордаға жеткізілді. Бұл – Қазақстан тарихында алғаш рет ұлттық сусынның мұндай ауқымды көлемде бір жерде жиналуы.

Біз еліміздің түкпір-түкпірінен 50-ден астам қымыз өндірушіні жинадық. Әрқайсысы кемінде 500 литрден қымыз алып келді. Олардың белсенділігі мен елордалықтардың қолдауының арқасында жаңа рекорд орнаттық. Егер фестиваль жұртқа ұнаса – біз оны жыл сайын өткізетін боламыз, – деді BaiQymyz фестивалінің ұйымдастырушысы Жұмажан Қалтаев.


Фестиваль астрономиялық шара ғана емес, сонымен қатар қазақтың мәдениеті мен салт-дәстүрін насихаттайтын алаңға айналды. Қонақтар ұлттық тағамдардан дәм татып, фольклорлық музыка тыңдап, қолөнер жәрмеңкелерін аралап, көрмелер мен концерттерге қатысуда. Шара аясында түрлі байқаулар да өтіп жатыр. Солардың бірінде жеңімпаз 2 литр қымыз ішіп, арнайы сыйлыққа ие болды.

«BaiQymyz» – жай ғана фестиваль емес. Бұл – қымыз ішу мәдениетін қайта жаңғырту, фермерлерді қолдау мен жергілікті брендтерді жұртқа танытуға бағытталған қозғалыс. Жоба шын мәнінде ұлттық қонақжайлық мерекесіне айналды.

Айта кетейік, фестиваль бүгін, 20 шілде күні сағат 10:00-ден 21:00-ге дейін жалғасады. Кіру – тегін.