Астанадағы «Ататүрік» саябағында зейнеткерлер цигун жаттығуын жасады
Халықаралық Цигун күніне орай елорданың «Байқоңыр» ауданындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының зейнеткерлері Қытай халқының дәстүрлі жаттығуымен айналысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Цигун – тыныс алу жаттығуларын, медитация мен физикалық қозғалыстарды біріктіретін ежелгі қытай тәжірибесі. Бұл әдіс жалпы денсаулықты жақсартуға, энергияны арттыруға және денеде тепе-теңдікті қалпына келтіруге бағытталған.
«Бүгін халықаралық Цигун күніне орай табиғат аясында жаттығуымызды өткіздік. Таза ауа, Есіл өзенінің жағасында 50-ден астам зейнеткер жақсы әсер алды деген сенімдемін. Бір ерекшелігі – 2022 жылдан бері тек «Байқоңыр» ауданында ғана дәл осы цигун үйірмесі тұрақты түрде жұмыс істеп келеді. Аптасына 4 рет ұйымдастырылады. Көптеген секциялардың арасынан дәл осы цигунға келетіндердің қарасы көп», - деп іс-шараның ұйымдастырушысы Бақыт Байманова ойын бөлісті.
Іс-шараға қатысушы зейнеткерлер бұл жаттығулардың денсаулыққа пайдасы зор екенін айтып отыр.
«Цигунның тарихы тереңде жатыр. Ұзақ уақыттан бері жалғасып келе жатқандықтан, адамның ағзасына пайдасын тигізетіндігі дәлелденген. Жасым 84-те болса да, емін-еркін қимылдап, жүгіре беремін. Неге дәл осы бағытты таңдадым? Өйткені кез келген сәтте қорғана білуге тиіспін. Салауатты өмір салтынан бөлек, көшеде қауіпсіз жүруіме цигун жаттығуы үлкен көмегін тигізеді», - деді цигун жаттығуымен айналысып жүргендердің арасындағы ең егде, 84 жастағы Қайыпқали Смағұлов.
Бұл үйірме қарттар үшін ортаға бейімделуге, көңіл көтеруге, әлеуметтік ортада белсенді болуға бағытталған.
Айта кетейік, білікті нұсқаушылардың көмегімен цигун мен кунг-фу үйірмесі жыл 12 ай тоқтаусыз жалғасады.