Астанадағы «Ғашықтар» саябағына қарағай ағаштары отырғызылды
Астананың Нұра ауданында «Таза Қазақстан» ауқымды экологиялық акциясы аясында ағаш отырғызу шарасы өтті. Тұран мен Қонаев даңғылдарының қиылысындағы «Ғашықтар» саябағына 30 қарағай ағашы отырғызылды, деп хабарлады Elordainfo.kz Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Бұл іс-шараға қала тұрғындары, кәсіпкерлер, урбанистер және белсенді жандар қатысты.
Нұра ауданының әкімі Ришат Тұрдыбековтің айтуынша, көктем басталғалы бері ауданда 2 700 ағаш отырғызылған. Жыл соңына дейін 10 мың ағаш егу жоспарланып отыр.
«Урбанистика орталығы мен «Астанагенплан» институты жастармен және тұрғындармен бірге тек қана көгалдандырумен шектелмей, ауланы, ауданды, қаланы күтіп-ұстау мәдениетін қалыптастырып жатыр. Бүгінгі іс-шараға белсенділер, урбанистер, жастар мен қаланың көгалдануына үлес қосуды қалайтын қарапайым азаматтар қатысты», - деді ол.
Бұл отырғызудың ерекшелігі – Green ID жүйесі. Енді әрбір ағаш цифрлы жүйеге енгізілген. QR-код арқылы оның түрін, отырғызылған күнін, тарихын және отырғызған адамның есімін көруге болады.