Астанадағы №111 Келешек мектебінде «Әке TALKS» жобасы өтті
Астанадағы №111 Келешек мектебінде жалпыұлттық «Әке TALKS» жобасы аясында әкелердің қатысуымен мазмұнды кездесу ұйымдастырылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Іс-шараның басты мақсаты – отбасындағы әкенің рөлін арттыру, ата-аналар мен мектеп арасындағы ынтымақтастықты нығайту және жас ұрпақты тәрбиелеуде әке мен ананың тең серіктестігін дәріптеу болды.
Кездесуге қоғамда отбасы құндылықтарын насихаттап жүрген танымал мамандар мен ұйым өкілдері қатысты.
«Бала тәрбиесінде ең бастысы – ата-ана мен баланың арасындағы сенім мен жылы қарым-қатынас. Әкенің мейірімі мен қамқорлығы баланың тұлғалық дамуына ерекше әсер етеді. Мұндай жобалар ата-аналарға ой салып, жаңа көзқарас қалыптастырады», – деді педагогика және психология ғылымдарының магистрі, кәсіби коуч Камила Күзембаева.
Іс-шара барысында мектептің белсенді әкелері де пікір білдіріп, бала тәрбиесіндегі тәжірибелерімен бөлісті. Әсіресе оқушылардың сахналық қойылымдары мен әкелеріне арнаған жүрекжарды тілектері залда отырғандарды ерекше толқытты.
«Әке – тек отбасындағы тірек қана емес, қоғамның да тұтқасы. Бүгінгі кездесуде айтылған ойлар әке мен мектептің бірлесе жұмыс істеуінің қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Әкенің бала тәрбиесіндегі белсенділігі – ел болашағы үшін аса қажет», – деді Астана қаласы «Әкелер одағының» мүшесі Шыңғысхан Қожахметов.
Кездесу талқылау форматында өтті. Әкелер тек пікір алмасып қана қоймай, жас ұрпақтың болашағы үшін ортақ жауапкершілікті сезініп, әке мейірімі мен қамқорлығының орны бөлек екендігін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Бұл басқосу – қоғамдағы, мектептегі және отбасындағы әке мәртебесін көтеруге, ұрпақ тәрбиесіндегі әке мен ананың тең серіктестігін нығайтуға бағытталған маңызды қадам болды.