Елорда жаңалықтары

Астанада теннистен Virtus әлем чемпионаты басталды

Елорданың «Дәулет» теннис орталығында теннистен Virtus әлем чемпионаты басталды, деп хабарлады Elordainfo.kz

Қазақстан интеллектуалды даму ерекшеліктері бар жаһандық доданы Азия құрлығынан бірінші болып қабылдаған ел атанды. Айтулы шараның ашылу салтанаты өтіп, ТСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Руслан Есеналин, Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Василий Левит, Virtus халықаралық федерациясының өкілі Лесли Вайтхэд, Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті Диас Досқараев қатысты.

«Елімізде инклюзивті теннистің дамуына көңіл бөлініп келеді. Үш жылдың ішінде Қазақстанның 8 қаласында арбадағы теннис секциясы ашылды. Қазақстан кубогы, Қазақстан чемпионаты өтіп тұрады. 2024 жылы ұлттық құрамамыз жасақталып, әлем чемпионатына қатысты. Екі теннисшіміз әлемдік рейтингте ТОП-200-ге кіріп үлгерді. Енді өз жерімізде алғаш рет жаһандық доданы қабылдау құқығына ие болып жатырмыз. Барлықтарыңызға сәттілік тілеймін», - деді Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті Диас Досқараев.

Бұл бәсекеге Қазақстаннан бөлек, Бельгия, Аустралия, Польша, Италия, Ұлыбритания, Үндістан, Франция елдерінен 50-ден астам спортшы келді.


Жарыс барысында қатысушылар 5-10 мамыр аралығында үш санат бойынша (жекелей, жұптық, командалық сайыс) жүлделерді сарапқа салады:
 • II1 — жеңіл деңгейдегі ақыл-ой кемістігі бар спортшылар;
 • II2 — Даун синдромы бар спортшылар;
 • II3 — аутизм спектріндегі бұзылыстары бар спортшылар.

«Бұл өзге елдің спортшыларына Қазақстанды танытуға жақсы мүмкіндік. «Дәулет» теннис орталығында интеллектуалды ерекшеліктері бар спортшыларға барлық жағдай жасалған. Әлем чемпионаты арқылы Қазақстан секілді елдер теннистің дамуына үлкен үлес қосады», - деп Virtus халықаралық федерациясының өкілі Лесли Вайтхэд өз пікірін білдірді.
 

Айта кетейік, дәл осы «Дәулет» теннис орталығы 2021 жылы елімізде алғаш рет пара теннистен ішкі турнирді өткізген болатын.

Бұл додада Қазақстан құрамасы Астана, Алматы, Ақкөл қалаларының 5 спортшысынан жасақталды.



Қазіргі сәтте Қазақстанда интеллектуалды даму ерекшеліктері бар тұлғалардың арасында теннистен бөлек, баскетбол, жүзу, велоспорт, үстел теннисі, жеңіл атлетика дамып келеді.