Астанада «Таза Қазақстан» экоакциясы жалғасып жатыр
Астанада «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясындағы іс-шаралар жалғасуда. Елордада белсенді тұрғындардың, еріктілердің, қоғам қайраткерлерінің, мемлекеттік құрылымдардың күшімен экоакция аясында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды, деп хабарлады Elorda.info.
Экоакцияны қолдау мақсатында «ҚазТрансОйл» АҚ-ның 200-ге жуық қызметкері Ш.Айтматов көшесінің маңындағы Есіл өзенінің жағалауын қоқыс пен арамшөптерден тазартты. Бұл – елорда тұрғындарының туристік және сүйікті орындарының бірі.
Қатысушылардың айтуынша, экологиялық акцияларға қатысу жақсы дәстүрге айналуда. Өткен аптада компания қызметкерлері Астананың «Жасыл белдеуінде» өткен ауқымды сенбілікке қатысты.
«Елордамызды абаттандыруға өз үлесімізді қосып жатқанымызға екінші апта болды. Бұл – біздің қалаға көрсетіп жатқан көмегіміз. Демалыс күндері бірнеше сағат уақытымызды бөле отырып, біз қоқыс жинап, өзіміз, балаларымыз және отбасыларымыз тұрып жатқан ортаны жақсартуға үлесімізді қосып жатырмыз. Акцияға одан әрі де қатыса береміз, ал күзгі кезеңде қаланы көгалдандыруға көмектесеміз», - деді «ҚазТрансОйл» АҚ бизнесті қолдау басқармасының бас маманы Қайрат Омаров.
Астана еріктілері «Таза Қазақстан» экоакциясын белсенді қолдайды. «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының бастамасымен еріктілер электр көлігінің жүргізушілеріне тәтті сыйлықтар беріп, өз ризашылықтарын білдірді.
Сонымен қатар балалар үшін Астанадағы Lampa балалар театрында «Таза Қазақстан» спектаклі көрсетілді. Қойылым «Таза Қазақстан» бағдарламасына арналды. Көрініс балалар мен олардың ата-аналарына қоршаған әлемнің айналасындағы тазалықтың қажеттілігін көрсетті.
Сондай-ақ жақын арада Астанада «Таза Қазақстан» экоакциясына арналған 40 метрлік мурал пайда болады.
Айта кету керек, ауқымды экоакция аясында қаланы санитарлық тазарту, нөсер және арық канализациясы, көшелерді, тротуарларды, орамішілік аумақтарды, қоғамдық кеңістіктер мен аулаларды тазалау жұмыстары жүргізілуде.