Астанада «Таза Қазақстан» акциясы аясында сенбілік өтті
Астанада «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында қала мекемелері сенбілікке шығып, аумақтарды тазалау және көгалдандыру жұмыстарын жүргізуде, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Бүгін елордадағы №1 Индустриялық паркінде орналасқан Ақбұлақ өзенінің айналасын 15 зауыт жұмысшылары тазартты.
Бұл іс-шараға «Selena Insulations», «Polytech Astana», «Самрук Сактау (Saqtau Logistics)», «Paving stone», «Kazecotech», «Гипсовинил», «Гидрокс», «Astana ютария ltd», «Теплотехник НС», «ETCOM» тағы басқа компаниялардың қызметкерлері қоқыс жинап, қаланы абаттандыруға үлес қосты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, акцияның мақсаты – елорда тұрғындары арасында экологиялық мәдениетті арттыру және қаланың тазалығы мен көркеюіне атсалысу.
«Таза әрі жайлы қала – әрбіріміздің ортақ міндетіміз. Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының ұжымы ретінде біз экологиялық сенбіліктерге жүйелі түрде қатысып келеміз. Бұл тек табиғатты қорғау ғана емес, сонымен бірге ұжымдық бірлікті нығайтып, жас ұрпаққа үлгі көрсетудің бір жолы деп санаймыз. Баршаңызды осы игі іске атсалысып, қаламыздың тазалығына өз үлестеріңізді қосуға шақырамыз!» – деді Индустриялық аймақтарды әкімшілендіру департаментінің директоры Алмат Әлімбай.
Айта кетейік, «Таза Қазақстан» акциясы алдағы уақытта да жалғасын табады.