Астанада тағы екі жаңа студенттік жатақхана ашылды
Конституция күні қарсаңында елордада Астана Медицина университеті мен «Тұран-Астана» университетінің студенттері тұратын 800 орындық тағы екі студенттік жатақхана ашылды, деп хабарлады Elordainfo.kz қалалық әкімдіктің ресми сайтына сілтеме жасап.
Студенттік кампустың ашылуына Ғылым және жоғары білім министрлігінің, Астана қаласы әкімдігінің өкілдері, «AMANAT» партиясының мүшелері және елордалық мәслихат депутаттары қатысты.
100 және 700 орындық заманауи жатақханаларда жайлы өмір сүру, оқу және демалыс үшін барлық жағдай жасалған. «Тұран-Астана» университетінің студенттеріне арналған 100 орындық жатақхана Степан Разин 1-ші тұйық көшесі, 26/1 мекенжайында орналасқан, ал Астана Медицина университетінің студенттеріне арналған 700 орындық жатақхана Григорий Потанин көшесі, 9 мекенжайында орналасқан.
«Жатақхана Астана қаласы әкімдігінің фронт-офисінің қолдауымен пайдалануға берілді. Бұл жатақханада студенттердің жайлылығы үшін бар жағдай жасалған. Бөлмелерде барлық қажетті жиһаздар, тоңазытқыш және жоғары жылдамдықты интернет бар. Біздің университет студенттердің жатақханаға деген қажеттілігін 100% қамтамасыз етті», - деді «Тұран-Астана» университетінің ректоры Гүлжамал Жапарова.
Сондай-ақ, Қазақстанның Халық Қаһарманы, ҚР тұңғыш ғарышкері, «Тұран-Астана» университетінің профессоры Тоқтар Әубәкіров құттықтау сөз сөйледі.
«Біздің мемлекетіміз студенттер үшін үлкен мүмкіндіктер жасайды. Студенттер мемлекеттің қамқорлығын бағалап, университетті бітіргеннен кейін Отан үшін қызмет етсін», - деді Тоқтар Әубәкіров.
Айта кетейік, 2023 жылы Астанада студенттік жатақханалар салу бойынша жобалық кеңсе (Бейбітшілік көшесі, 9) ашылды. Фронт-офистің негізгі міндеті – жатақханалар салу жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны іске асыру үшін қолайлы жағдайлар жасау және студенттерді тұрғын үймен қамтамасыз ету, ЖОО-лар мен әлеуетті инвесторларға заңгерлік, консультациялық және сараптамалық қолдау көрсету.
Биыл Астанада МЖӘ аясында алты жатақхана салу және пайдалануға беру жоспарланып отыр. Олар 4,5 мыңға жуық орын құруға мүмкіндік береді. Олардың бір бөлігі қазірдің өзінде берілді.
2025 жылы тағы 2 жатақхананы пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, елорда әкімдігі жатақханалар салу үшін тағы 4 жоғары оқу орнына жер телімдерін бөлді.
Жатақханалар құрылысы студенттік жатақханалардағы орын тапшылығы проблемасын шешу үшін Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында іске асырылуда.