Елорда жаңалықтары

Астанада тағы бір жайлы мектеп ашылды

Бұл туралы Астана қаласы әкімі Жеңіс Қасымбек өзінің Instagram парақшасында жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz. 

Бұл – оқу жылы басталғаннан бері қала әкімдігі ашқан он сегізінші жаңа мектеп.

«Жаңа үлгідегі мектеп «Үркер» елді мекенінде орналасқан. Білім ордасы екі ауысымдағы 4 мың оқушы санына есептелген. Қазіргі уақытта №69 мектеп-лицейінде балалар үш ауысымда оқиды. Осылайша, жаңа ашылған мектеп оқушылардың тығыздығы мәселесін шешеді. Балалар бұл жерде 3-тоқсаннан бастап оқи бастайды», - деді Ж.Қасымбек. 


Қала әкімі Мемлекет басшысының «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында елордада жаңа үлгідегі 11 мектеп салынғанын атап өтті. 

«Осы ұлттық жоба аясында 2024-2025 жылдар аралығында жаңа форматта 24 мектеп салынады. Бұл оқу орындары екі ауысымдағы 90 мыңға жуық оқушы орнын ашуға мүмкіндік береді.
Жыл соңына дейін тағы бірнеше мектепті ашу жоспарымызда бар. Сол сияқты алдағы жылдарға да дайындық жасалуда. Мәселен, 2025 жылы тағы 20-дан астам мектеп салып, қолданысқа беруді жоспарлап отырмыз», - деді қала әкімі.